Тамара Асар: Ес біліп, етек жинағанда көрген бала ерекше болады екен

17.09.2026 16:14 Томирис САҒЫНДЫҚ
Тамара Асар: Ес біліп, етек жинағанда көрген бала ерекше болады екен
46
Фото: instagram.com/tamara_assar_official/

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Тамара Асар өзінің кәсіпкерлік жобалары, отбасылық құндылықтары мен тұлғалық даму туралы көзқарасын бөлісті. Өнер иесі отандық өндірісті дамыту, тұрмыстық міндеттерді қатар алып жүру және адам санасындағы білім мен мінез-құлықтың байланысы төңірегінде өз ойын ортаға салды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Тамара Асар Қазақстан арнасының "Таңшолпан" бағдарламасында әңгімеледі. 

Өнер иесі тұлғалық өсудің маңызы мен жолдасымен бірге қолға алған жаңа өндірістік жобасы туралы айтып берді.

«Егер адам дамуын тоқтатса, деградацияға ұшырап, тоқырауға түседі. Сондықтан даму дегеніміз – күнделікті бір жаңалық ашу емес. Бұл – өзіңнің білетін нәрсеңді шыңдау, шынықтыру және одан жаңа идеялар таба білу. Жылдар бойы жүрегіме жақын болған хоббиім – жарықшамды оюлы самаурын жасау еді. Біраз уақыт сонымен айналыстым. Кейін жолдасым екеуміз ақылдасып, осы істі кеңейтуді шештік. Оның негізгі иллюзиясы мен музасы өзім болғандықтан, ол маған көмектесуді ұсынды. Қазір ол өзінің элеватор жасайтын зауытынан маған арнайы орын бөліп, үлкен станоктар алып берді. Осылайша, қазақ тарихында тұңғыш рет отандық жезден құйылған самаурындар өндіріле бастады», – деді Тамара Асар.

Сонымен қатар Тамара Асар басқа да жоспарларына тоқталып, отбасылық өмірдегі сабырлылық пен әке тәрбиесінің ықпалын атап өтті.

«Сондай-ақ шағын наубайхана ашуды да жоспарлап отырмыз. Нан пісіру де – менің айырылмас хоббилерімнің бірі. Одан бөлек, ғылым мен білім, бала-шағаны бағу және үй ішінің басқа да тірліктері бар. Өмір – өте қызық. Қыз баланың орны өзгеше болады екен. Ол адамға ерекше қуаныш сыйлайды. Ес біліп, етек жинап, жан-жағымыздың барлығын білген соң көрген бала ерекше, бөлек әлем. Мен де қарапайым әйелмін, әлсіз тұстарым да бар. Кейде қиналатын сәттерім де болады. Бірақ уақыты келгенде пікірімді кесіп айтамын. Оған дейін «тек менікі дұрыс болсын, мені ғана тыңдасын» деген ашу-заңнан аулақпын. Себебі мен кішкентайымнан тыңдай білуді үйрендім. Әкеміз бізге: «Алдымен тыңдап ал, сосын асықпай сөйле» деп үйрететін», – деді әнші.

Әнші адамның психологиялық ерекшеліктері мен өмірде кездесетін қиындықтардан сабақ алудың маңызына тоқталды.

«Өзім де мамандандырылған сарапшымын ғой. Адамның санасында екі түрлі білім болады. Біріншісі – туа біткен генетикалық білім, екіншісі – кейіннен қалыптасатын жанама білім. Жанама білім бізді тәрбиелейді, ал туа біткен білім әрқашан жанымызда жүреді. Сондықтан ол адамның мінезінен де көрінуі тиіс. Әлсіздік танытатын кездерім де болады. Бірақ кейін ойлана келе, оның да дұрыс болғанын түсініп, содан сабақ аламын. Сондықтан мұндай сәттердің де өз пайдасы бар», – деді әнші.

Войдите, чтобы оставить комментарий