Тамара Асар: Махаббатымды Құдайдан тілеп, бір жарым күнде жолықтырдым
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Тамара Асар өмірлік қағидалары, жеке бақыт пен махаббат туралы көзқарасы және ұлттық танымның қазіргі психологиямен байланысы туралы ой бөлісті. Өнер иесі адамның ішкі өсуі, шүкіршілік пен жауапкершіліктің маңызына тоқталып, өмірлік тәжірибесіне сүйенген пайымдарын ортаға салды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Тамара Асар Қазақстан арнасының "Таңшолпан" бағдарламасында әңгімеледі.
Әнші өмірдегі қиындықтар мен өзгерістерді адамның тұлғалық өсуіне ықпал ететін маңызды кезең ретінде қабылдайтынын атап өтті.
«Мен үшін бақыт – денсаулық. Ол солай мәңгі болып қалады. Қазақта «Жұтаған шүкірге тоймас» деген мақал бар. Жиырма жастағы балалық, жастық, балғын шағымда өмірдің қаншалықты керемет әрі тәтті екенін, оның алыстап бара жатқанын байқағаннан кейін өзіме уәде бердім: «Өмір бойы шүкір етемін, өмір бойы тырысамын. Айдаһардың басын кессең де қайта бас шығатыны сияқты өмір сүремін» деп өзіме серт бергенмін. Себебі менің әкем – алтын адам. Шешемнің өзінің аты – Алтын. Сондықтан ол екеуінің сенімін мәңгі ақтағым келеді. Шүкір ету – ол мәңгілік қағида. Мен шүкір етуді балғын кезімде түсіндім. Тоқтаудың өзі де – өсу, күйзелістің өзі де – өсу деп ойлаймын. Сосын, бүкіл ортаның сенен теріс айналуының өзі – өсу. Жаңа кезеңге өтуіңнің өзі – өсу. Себебі ол кезде сенің бұрынғы үйреншікті ортаңа бұл ұнамайды. Қазір қоғамда антипаразитарлық бум бар, байқайсыз ба? Ол қазір де келе жатыр. Сол сияқты, сен өзіңнің кезеңіңнен өткенде кәдімгідей тазаланудан өтесің. Ортаң өзінен-өзі тазаланады. Одан кейін өзің жүруің керек басқа жолды таңдап, сол жолда жұмыс жасайсың», – деді Тамара Асар.
Сонымен бірге өнер иесі шынайы махаббат пен уақытша құмарлықтың айырмашылығына тоқталып, екі адамның сана деңгейінің сәйкес келуі басты шарт екенін айтты.
«Мұхтар Шаханов ағамыз. «Махаббат деген – екі адамның сана биігінде жолығуы» деген. Сол – өте рас әңгіме. Егер екі адамның сана биігі мен деңгейі дәл келсе, ол – сөзсіз махаббат. Ол құмарлық емес. Құмарлықтың ең ұзақ созылатын уақыты – 3 жыл. Ол махаббат емес, құмарлық 3 жыл өмір сүреді. Ал егер сол құмарлық пен махаббат қатар келсе, ол – бақыт. Ол – психологиялық тұрғыда зерттелген мамандар тәжірибесінің нәтижесі. Сондықтан екі адам қайтадан махаббатқа жолығады. Ол дегеніңіз – өте бөлек нәрсе. Бағыт бір болады, сөздері мен әңгімелері бір жерден шығады. Сосын әңгімелері таусылмайды. Қанша уақыт сөйлессең де, әңгіме таусылмайды. Сондықтан «Мен махаббатқа қайта сендім» деген сөзден аулақпын. Мен махаббатқа әрқашан сенгенмін. Махаббатқа толы адам «көңілім қалды» деп айтпайды. Мен махаббаттың бар екенін және өзімнің махаббат екенімді білдім. Сондықтан оған сенімді болдым, бойымда бар екенін білгендіктен ешқашан жоғалтқан емеспін», – деді Тамара Асар.
Ол жұбайымен кездесуі, сұрау мен тілектің орындалуы, сондай-ақ қазақы ырым-тыйымдардың заманауи психологиялық ұғымдармен байланысы жайлы сөз қозғады.
«Тілегім екі күнде қабыл болды. Бойымда тұнып тұрған махаббат болды. Мен барлық нәрсені: гүлді де, адамды да, кездескен әрбір жанды жақсы көрдім. Жүрегім ашық болды, бұл әкемнің жақсы көруінен берілді деп ойлаймын. Шартсыз махаббат әкеден – қыз балаға, ал анадан ұл балаға беріледі деп айтады ғой. Сондықтан әкемнен алған махаббатым шексіз шығар, мен тіпті жаман күннің өзінен де жақсы нәрсе көретінмін. Сол кезде тұрмысқа шығу ойымда болған жоқ және оны махаббат деп де есептемедім. Тұрмысқа шығу – сенің келген шешімің мен тұжырымың. Бұған міндетті түрде махаббат керек, адам жайдан-жай тұрмысқа шықпайды. Сол күні қатты шаршап, айнаға қарап тұрып. «Құдай-ай, маған бір жақсы азамат кездестірші» деп тіледім. Дәл сол екі күнде, яғни бір күн жарым уақытта... 7 наурыз күні түнде әуежайда жолықтық. Қазақтың салты мен ырым-тыйымына сенген адам ертегі әлеміне сенген кішкентай бала сияқты болады. Ересек адам ішіндегі кішкентай баласын жоғалтпауы керек. Ол бала өмір бойы сенімен бірге болса, әже не ата болсаң да саған күш беріп отырады. Бір нәрсеге сеніп, есікке қарап, «бір жақсылық болып қала ма» деп үміттеніп отырасың. Қазақтың ырымы сондай. «Жаңбыр жауды, артынан кемпірқосақ шықты, бір жақсылық болады» деп қуанып тұрасың. Енді оны ешкімге зорлап. «бойларыңа сіңіріңдер» деп міндеттей алмайсың. Бұрынғыдай «дастарқан басына отырыңдар, қол жайайық, жеті нан пісірдік, бірінші әкең жесін» десең, «неге бірінші ол жейді, неге мен жемеймін» деген сұрақтар туындайды. Визуализация мен мотивация дегенді қазақ бірнеше ғасыр бұрын айтып кеткен. NLP деген білім мен ғылым – біздің кәдімгі бата беруіміз. Аталар отырып бата бергенде, оны көз алдыңа елестетесің. Баланы «мына батыр дүниеге келді» деп батырлыққа дәріптейді. Қазір аффирмация десе көбісі күледі. Бағыт өзгерген жоқ, ол – сол заман», – деді Тамара Асар.
Соңғы жаңалықтар