Танымал әндердің авторы өмірден өтті
Белгілі композитор, «Orda» және «Ninety One» топтарының танымал әндерінің авторы Сержан Бақытжанұлы өмірден өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Қаралы хабарды әлеуметтік желідегі парақшасында оның досы, әнші Дастан Оразбеков сүйіншілемей, қайғыра жеткізді. Ол әріптесінің қазасы қабырғасын қайыстырғанын айтып, оның өнердегі де, өмірдегі де орны ерекше болғанын атап өтті.
"Бүгін өмірден менің досым, сырласым, әріптесім, ақылдасатын кеңесшім, өнер жолын бірге кешкен аяулы азамат – Сержан Бақытжанұлы өтті", – деп жазды Дастан Оразбеков.
Сержан Бақытжанұлы «Orda» тобы орындаған «Қилы заман», «Ғашықсың ба?», «Жауап бер», «Тағдыр» сияқты хит әндерді жазған. Одан бөлек, ол «Ninety One» тобының қоржынындағы шығармалардың және Дастан Оразбековтің орындауындағы «Көк аспан» әнінің авторы.
Дастан Оразбеков композиторды жомарт, кең жүректі әрі терең ойлы азамат ретінде еске алып, оның артында қалған туындылары ел жадында мәңгі сақталатынына сенім білдірді.
"Сенің жазған әндерің есіміңді мәңгілікке қалдырады. Халықтың жүрегінен орын алған шығармаларың ел аузында әлі талай жыл айтылады", – деді әнші.
Сондай-ақ өнер иесі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтып, оның жаны жәннатта болуын тіледі.
Соңғы жаңалықтар