Таяу Шығыстан Қазақстанға тағы 1786 азамат эвакуацияланды

08.03.2026 11:56 Арман Ермеков
Таяу Шығыстан Қазақстанға тағы 1786 азамат эвакуацияланды
32
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыс елдерінен бір түнде 2 мыңға жуық отандасымыздың елге аман-есен жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Наурыздың 7-сінен 8-іне қараған түні отандық және шетелдік 4 әуе компаниясы 11 рейс орындап, аймақтағы әскери жағдайдың ушығуына байланысты 1 786 жолаушыны елге алып келді. Ведомство мәліметінше бүгін азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру мақсатында тағы бірнеше бағыт бойынша ұшақтар қатынайды.

Үкімет Иран, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері және өзге де мемлекеттерден халықты шығару үшін арнайы ведомствоаралық штаб құрған болатын. Қазіргі уақытта адамдарды жанжал болып жатқан аумақтан Оман немесе Сауд Арабиясы сияқты бейбіт елдерге көлікпен тасымалдап, кейін арнайы рейстермен Қазақстанға жіберу схемасы негізгі тәсіл ретінде қолданылып жатыр.

Эвакуация жұмыстары осы айдың басында басталған еді. Сыртқы істер министрлігі мен консулдықтар наурыздың екісі күні Дубайдан Оманның Маскат қаласына дейін жерүсті көлігімен тасымалдауды ұйымдастырып, одан әрі ұшақпен 467 адамнан тұратын алғашқы лекті қайтарды. Бұдан бөлек Иран аумағындағы азаматтарды, соның ішінде «Заркух» компаниясының қызметкерлерін армян шекарасы арқылы шығару жұмыстары жалғасуда.

Сыртқы істер министрлігі 7 наурыздағы жағдай бойынша төрт мың жеті жүзден астам қазақстандықтың үйіне оралғанын мәлімдеді. Ал Азаматтық авиация комитеті үшінші наурыздан бері жалпы саны 37 рейс жасалып, 6 254 адамның әкелінгенін растады.

«Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының үйлестіруімен жалғасып жатыр», – деді комитет өкілдері.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий