"Тегін малымды жеді": жылқышысын соттатып жіберген кәсіпкер мәлімдеме жасады

05.08.2026 14:33 Мөлдір ҚАЙНАР
486
Фото: коллаж politico.kz

Ақтөбеде 100 жылқыны жымқырды деп айыпталып, кейін ақталып шыққан жылқышының бұрынғы жұмыс берушісі желіде оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

69 жастағы кәсіпкер Тәжіғали Елеуов қол астында жұмыс істеген малшы Рахат Сәрсенбайдың бұған дейін де ішімдікке салынып, малды қылмыстық топпен ұйымдасып сатып жібермек болғанын мәлімдеді.

"Кешеден бері мен туралы дауға байланысты өз пікірімді білдіруге шығып отырмын. Мал шаруашылығымен айналыса бастағанда Рахатты малшы етіп жұмысқа алдым. Жұмыс барысында басымыздан көп нәрсе өтті. Оның арағына, 5-6 бас жоғалтқан жылқыларына мән бермедім. Ал соңғысында қасына қылмыстық топ құрып, оның бірі малымды сатып жатқан жерінен ұсталды, ол қазір түрмеде жазасын өтеп жатыр. Мал ұрлаумен бұрын да айналысқан адам болғандықтан, сол кезде Сәрсенов Рахат жазадан құтылып кетті. Қазір жоғалған малымды жауапты адамнан талап етуімді заңды деп санаймын", – деді Тәжіғали Елеуов.

Кәсіпкердің айтуынша, бұрынғы малшысы жылдар бойы оның арқасында балаларын үйлендіріп, мерейтойын да атап өткен.

"Мені танымайтындарға реніш білдірмеймін. Оның қасында өмір бойы менің малымды тегін жеп, 40 жас тойын жасап, 4 баласын үйлендіріп, бүкіл ақшасын төлеп, түрмеден екеуін құтқарып алдым. Жұмсаған жақсылығымды түсінбеген адамға не айтасың? Бәріңе амандық тілеймін, мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін", – деп толықтырды ол.

Сонымен бірге кәсіпкер блогерлер таратқан ақпаратқа қарсы тұруға шарасыз екенін айтып, ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргендермен заңгерлер арқылы жұмыс істейтінін жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий