Тіл жанашыры: Мектептің маңдайшасында ою-өрнек болуы керек
Қазақ тілінің жанашыры Вавилин Дмитрийұлы Вячеслав мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне қалай сүйсінетінін және оларға қалай қолдау білдіретінін әңгімеледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Адырна» ұлттық порталына берген сұқбатында айтты.
«Жетісай қаласында әкім орынбасары болып қызмет атқарған кезімде, күрделі жөндеуден өткен Сүйінбай атындағы гимназияны пайдалануға қабылдап алу жұмыстары жүргізілді. Ғимаратты аралап көріп: «Абызымыздың атындағы бұл мектептің сыртқы келбетінен ешқандай қазақы нақыш, ұлттық белгі байқалмайды», – деген ескертпе жасадым. Біз ұлттық болмысымызды танытуымыз керек. Бізді әлем таниды: Санкт-Петербургке, Америкаға немесе Ресейдің өзге өңірлеріне барсаң да, қазақ ұлтын жақсы біледі», – деді Вавилин Дмитрийұлы.
Ары қарай ол қазақ тілін өте жоғары деңгейде білетін өзге ұлт өкілдерімен кездесулер өткізіп, тілді насихаттау үшін қандай шаралар қолданатынын айтты.
«2020 жылы Түркістан облысына тағайындалдым. Біздің мекеме – кәсіби әскерилер мен апаттан құтқарушылардан, тау-кен құтқарушыларынан құралған арнайы қызмет. Олар жер астында да күрделі тапсырмаларды орындайды. Мемлекет басшысы да Алқа кеңесінде осы қызметтің маңыздылығын атап өткен болатын. Шығыс Қазақстанда қызмет еткен кезімде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде еркін сөйлейтінін көріп, қатты сүйсінген едім. Осы тәжірибені қолданып, 5-6 қызметкерді кабинетіме шақырып, еркін форматта әңгімелестім. Мысалы, өрт сөндіру көлігінің немесе кабинеттердің есігіне: «Қазақ тілінде сөйлесіңіздер, қазақ тілін пайдаланыңыздар!» деген арнайы ескерту жазуларын қойғыздым. Тілді насихаттауда кез келген тиімді тәсілді қолданған жөн. Ең бастысы – бұл істің артында отансүйгіштік пен жанашырлық тұруы керек. Еліміздің әуежайлары мен теміржол вокзалдары сияқты меймандар жиі келетін стратегиялық орындарда да тілімізді насихаттайтын көрнекі жарнамалар тұруы тиіс», – деді тіл жанашыры.
Соңғы жаңалықтар