Тілеухан: Махаббат дінге қарайды, балаларым кәпірді сүймеуі тиіс деп ойлаймын

06.08.2026 19:18 Томирис САҒЫНДЫҚ
Тілеухан: Махаббат дінге қарайды, балаларым кәпірді сүймеуі тиіс деп ойлаймын
84
Фото: видеодан скриншот

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жыршы Бекболат Тілеухан бала тәрбиелеудегі рөлі, өзге ұлтпен құдаласу және азаматтық неке туралы сөз қозғады. Әншінің айтуынша, балаларының таңдауына еш қарсылық білдірмейді. Бастысы — құдалары мұсылман болуы тиіс, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Аман Тасығанның TalkLike подкастында айтты.

«Балалардың тәрбиесіне келсек, әке ретінде бұл оңай емес. Дұға етесің, тілейсің, бірақ мәжбүрлей алмайсың. Жаңа замандағы ақпараттың тасқыны өте басқа. Бұл — оңай жағдай емес, «Құдай өзі бір дұрыс жолына бағыттасын» дейсің. Баланың өзін туғаныңмен, мінезін тумайсың ғой. Оның тағдырын алдын ала айта алмайсың. (...). Қазір кенжем 2017 жылғы. (...). Біздің балаларымыз орысшаға өте шала. Тіпті кейде «қазақ қоғамында орысшасыз қиын болады, осыларды орыс мектебіне берсем бе?» деген де ой болған. Қазақшалары тап-таза, өте қазақи. Тілдері де, мінездері де — бәрі өте қазақ. Ал қабілет мәселесіне келгенде, ол — Құдайдың сыйы», — деді Бекболат Тілеухан.

Ары қарай ол ұлы Нұрмұхаммедтің ажырасқанын және бұл тақырыптың отбасына ауыр тиетінін айтты. Сондай-ақ, болашақта өзбек, қырғыз және ұйғыр ұлтымен қуана құда болатынын жеткізді.

«Егер иманды, жақсы өзбегім бе, қырғызым ба, ұйғырым ба... Ұйғырымнан қыз алып жатсам немесе тамаша бір жігіт қызыма сөз айтып, қызым оны ұнатып жатса, неге тосқауыл боламын? ...бір аналарымыз парсыдан болған, бір әжелеріміз қожадан болған деген сияқты. Ондай көп қой, қан жаңарады. Керек десең, иманды, жақсы адамдар болса, қуана-қуана келісемін. Әрине, құдамен менталитетің ортақ болып, әңгімені соғып, шай ішкенге не жетсін? Қызыма күйеу бала ұнап жатса, ұлыма келін ұнап келіп жатса, оған да ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ кәпірге тимесе болды, кәпірден алмаса болды. (...). Әрине, махаббат дінге қарайды. Сен кәпірді қалай жақсы көруің мүмкін? Балаларым кәпірді жақсы көруі тиіс емес деп ойлаймын. Алла біледі, бірақ Құдай ондай сынақтан сақтасын», — деді Бекболат Тілеухан.

Мұнымен қатар, ол азаматтық некеге қатысты ой қозғады. Өзінің түбегейлі қарсы екенін айтты.

«Алла сақтасын! Бұл — ойнас ғой, бұл — зина ғой кәдімгі. «Азаматтық неке» дейді ме орыстар, Алла сақтасын! Құдай сақтасын!» — деп ойын бөлісті Бекболат Тілеухан.

Ескерту: Материалда айтылған пікірлер – қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның жеке көзқарасы. Оның жеке ойы, басқа діндерге қатысты көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді.

Войдите, чтобы оставить комментарий