Тимур Турловтың компаниясы ұлттық Wi-Fi операторы атанбақ

Freedom Telecom ұлттық Wi-Fi операторы атанады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қазақстанда бірыңғай қауіпсіз интернет қолжетімділігін қамтамасыз ететін ұлттық Wi-Fi операторы құру жоспарланып отыр. Бұл туралы 21 қазанда өткен Үкімет отырысында Freedom Telecom компаниясының басшысы Қайрат Ахметов мәлімдеді.
Жоба аясында Wi-Fi желісі әлеуметтік маңызы бар нысандарда орнатылады: шекара бекеттерінде, әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда, сондай-ақ мектептер мен медициналық мекемелерде.
«Біз құрып жатқан инфрақұрылым Қазақстанның ЖИ-экономиканы қалыптастыру бағытын қолдай отырып, жасанды интеллект негізінде цифрлық сервистер мен шешімдерді дамыту платформасына айналуда», – деді Қайрат Ахметов.
Алғашқы кезеңде жоба 10 қаладағы 400 орынға орнатылады. 2026 жылға қарай қосылу нүктелерінің саны 10 мыңға, ал 2027 жылға дейін 20 мыңға дейін ұлғайтылмақ.
Freedom Telecom - Тимур Русланович Турлов негізін қалаған Freedom Holding Corp. тобының құрамына кіреді. Бұл компания Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық және финтех-топтардың бірі саналады.
Соңғы жаңалықтар





