«Тірі қалуы 20%». Атыраулық ару сүйіктісінің рактан қалай толық жазылғанын айтты

28.07.2026 19:09 Томирис САҒЫНДЫҚ
«Тірі қалуы 20%». Атыраулық ару сүйіктісінің рактан қалай толық жазылғанын айтты
66
Фото: Аружанның жеке архивінен

Атыраудың тумасы Аружан есімді бойжеткен әйгілі «Ғашықпын саған» фильмін есте түсіретін әсерлі махаббат оқиғасын баяндады. Оның айтуынша, бастапқыда сүйіктісі қатерлі дертке шалдыққанын біліп, қыздың болашағын ойлағандықтан бұл қарым-қатынасқа қарсылық танытқан. Бірақ шынайы сезім ешқандай кедергіге бой бермей, қос ғашықтың жолын біріктірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Айтарым бар» подкастында айтты.

«Оның жанына барған соң, екеуміз де ұйықтағанымыз жоқ. Бір-бірімізге қарап, әр сәтті бағалап отырдық. Екеуміз диванда бірге жатып, ойға баттық. Ол маған: «Мен ауыр дертке шалдықтым ғой, мені қайтесің?» – деді. Мен оған: «Бұлай айтпа! Сен ауырып жүрген жоқсың, міндетті түрде жазыласың, мен оны сеземін. Егер жазылуға сөз берсең, мен саған тұрмысқа шығуға сөз беремін», – дедім. Екеуміз де бір-бірімізге күліп, уәде беріп, ұзақ отырдық. Содан соң ол мені құшақтаған күйі ұйықтап кетті. Негізінде, химиялық терапия алып, ауырып жүргендіктен, оған ұйықтау өте қиын еді: денесі ауырсынып, әр бес минут сайын оянып кететін. Ал мен жанында болған кезде ол мені құшақтап, терең әрі ұзақ ұйықтады. Екі-үш сағаттай тапжылмай ұйықтады. Мен болсам, ұйықтамай, оған қарап жаттым», – деді Аружан.

Одан ары ол екі жүректі тоғыстырған махаббаттың ғажайып құдіретіне тоқталды. Оның айтуынша, сүйікті азаматы қасынан табылған сәтте тәнінің азабы сап тыйылып, жаны жай табатын. Бұрын-соңды түн ұйқысын төрт бөлгізген меңдеу дерт кейін шегініп, ол алғаш рет алаңсыз, тәтті ұйқыға бата алған.

«Ол маған сөйлегенде, мені бетімнен, ернімнен сүйгенде аузынан химияның дәмі білініп тұратын. Маған тіпті басым айналып кеткендей болатын. Ал ол осы нәрсемен қаншама уақыт бойы күресіп келеді. Ол ұйықтап жатқанда, көзіме жас алып, іштей: «Өтінемін, мені тастап кетпеші, сауығып кетші, сен өте жақсы адамсың», – деп тіледім. Барлығы жақсы болатынына, оның айығып кететініне сендім. Екі сағаттан соң оны ояттым. Ол тұрып: «Мәссаған, қандай керемет ұйықтадым, бұлай ұйықтамағалы көп болып еді», – деп қуанып қалды. Содан кейін мен заттарымды жинай бастадым. Екеуміздің де көңіл-күйіміз болмай, бір-бірімізді қимай жыладық. Ол мені жібергісі келмей, егіліп жылады. Мен де жыладым. Содан соң ол мені әуежайға шығарып салды. Ұшаққа отырғаннан кейін Астанаға қарай 6-7 сағаттай ұштым. Ұшақта да ұйықтамай, қойын дәптеріме ішкі сезімдерімнің бәрін жаздым: осындай керемет адамды жолықтырғаныма сансыз шүкір еттім. Өзіме кітап жазу идеясы дәл осы сәтте келген еді», – деп бөлісті Аружан.

Сондай-ақ ол уақыт өте келе араларында ортақ қызығушылықтардың қалай пайда болғанын жеткізді. Ара-қашықтыққа қарамастан, бір-біріне жақындай түсу үшін қос ғашық бірге кәріс тілін үйреніп, дорамалар көріп, бірге күліп-ойнап, арадағы махаббат отын өшірмей сақтап қалуға тырысқан.

«Астанаға жеткен соң, ара-қашықтықтағы махаббатымыз басталды. Бұл да оңай болған жоқ. Ол Кореяда жүргендіктен, кәріс тіліне қызыға бастады. Екеуміздің ортақ тақырыбымыз болсын деп, мен де кәріс тілі курсына жазылдым. Бірге дорамалар қарап, кәрісше сөйлесіп, қалжыңдасып жүрдік. Арамыздағы махаббатты сақтап қалу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Сол уақытта ол ең ауыр саналатын 4-курс химиялық терапиясын қабылдап жүрді. Ол маған: «Алдыңғы химияларда беріле салғым келген еді, ал бұл жолғы терапия қаншалықты ауыр болса да, сенімен сөйлесіп, ауырлығын байқамай жатырмын», – деді. Мұны естіп, менде үлкен сенім пайда болды, оған қолдау көрсетуімді тоқтатпадым», – деді бойжеткен.

Одан бөлек, ол дәрігерлер аман қалу мүмкіндігін бұған дейін тек жиырма пайыз деп бағалаған шешуші сәттегі екі ғашықтың ішкі толқынысын сипаттады.

«Бірде, химия терапиясы аяқталған соң, ол профессорға көрінуге барды. Төрт химиядан кейін жазылып кетеді деп үміттенген едік. Биологиялық диагнозы – оң жақ жұмыртқасының 3-стадиядағы қатерлі ісігі еді. Алматыда ота жасатып, ем алғанымен, нәтиже болмаған соң Кореяға кеткен болатын. Профессор оған: «Аман қалуың екіталай, өте ауыр ота болады, ата-анаң міндетті түрде келуі керек», – депті. Бұл хабарды естіп, мен де жанына барғым келді, бірақ әкесі баратын болғандықтан, мен үйде қалдым. Отаға дайындық кезінде оның аман қалу мүмкіндігі 20% ғана, ал қаза табу қаупі 80% еді. Ол маған: «Мен тірі қалмайтын шығармын, мені тастай салшы», – деп түңіле бастады. Мен оған жігер беріп, соңына дейін бірге болатынымызды айттым. Негізінде ол отадан қатты қорықты. Бірақ дәл ота жасалатын күні, керісінше, мен қобалжып жыладым, ал ол күлімсіреп отаға кіріп кетті», – деді Аружан.

Одан бөлек, ол бұл қарым-қатынасқа отбасындағы көзқарастың екіге жарылғанын ашық айтты. Әкесі перзентінің келешегін ойлап, «ертең ол балаға бір нәрсе болып қалса, саған ауыр тиеді» деп қарсылық білдірген. Ал анасы, керісінше, қызының таңдауын қабылдап, түндерде таһажжуд намазына тұрып, дертке шалдыққан жігіттің сауығып кетуін Тәңірден тілеген.

«Айтпақшы, бұл қарым-қатынасымызға әкем қарсы болған еді. Өйткені ол балаға бір нәрсе болса, маған қиын болатынын ойлап уайымдады. Ал анам, керісінше, менімен бірге таһажжуд намазына тұрып, сол жігіттің сауығып кетуін тілеп, дұға етті. Ота өте ұзақ, шамамен 9 сағатқа созылды. Хат-хабар болмаған соң, үмітім үзіліп, жылай бердім. Ата-анасынан да сұрадым, олар да күтіп отырғандарын айтты. Бір кезде маған Instagram-нан бір кәріс қызы жазып: «Мен ояндым», – деген хабарлама мен сурет жіберді. Ол наркоздан ояна салысымен, медбикеден телефонын сұрап, менің аккаунтымды тауып, жазғызған екен! Мен бұл суретті бірден ата-анасына жібердім, олар таңғалып, қуанып кетті. Оянғанда да ең бірінші мені ойлап, сұратқаны жүрегімді елжіретті. Отадан кейінгі кезең де өте ауыр болды: ол 10 күн бойы жатты, сөйлесе де алмады. Тамақ іше де, су іше де, орнынан тұра да алмады. Қиналып жатса да, менімен сөйлесуге, білдіртпеуге тырысты. Отадан кейін, шамамен 1-2 ай өткенде, профессор қайта тексеріп, «ремиссия» (толық айықты) деген сүйінші хабар айтты. Осылайша махаббаттың күші жеңіп шықты. Кеше ғана оның толық айыққанына тура 1 жыл толды», – деді Аружан.

Войдите, чтобы оставить комментарий