Төлеутай: Ән ұрлап, дауысы жоқ бола тұра фонограммамен айтқандар сотталуы тиіс
Белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай шетелден ән ұрлап айтатын қазақстандық орындаушыларды қатаң жазалау керегін айтты. Сонымен қатар ол қазіргі таңда дәстүрлі өнер иелерінің беделі төмендеп кеткеніне қынжылыс білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Lep подкастында айтты.
«Мұқият қарап отырсаң, біздегі әндердің көбі – өзге елдерден ұрланған плагиат. Мысалы, «Гүл әпше» әні – кәдімгі Румынияның туындысы. Сол сияқты армяндардан да көп ұрланады. «Ханшайым-ау» әні де – таза армяндардікі. Түріктерден, арабтардан, көрші өзбек пен қырғыздардан да талай ән көшірілді. Негізінде, бұлай біреудің еңбегін ұрлап, оны дауысы жоқ бола тұра фонограммамен айтып жүргендер сотталуы тиіс. Өкінішке қарай, осындай «фанерщиктер» біздің мәдени-рухани кеңістігімізді толықтай жаулап алды», – деді Ерлан Төлеутай.
Ары қарай ол бұған биліктің қалай жол бергеніне тоқталды. Өнертанушының айтуынша, бұл елдегі белгілі бір зиялы тұлғалардың ықпалын азайту үшін арнайы жасалған.
«Кезінде билік өкілдері де осыған жол берді. Өйткені оларға Шерхан Мұртаза, Сағат Әшімбаев, Ақселеу Сейдімбек сияқты елдің сөзін сөйлеп, ұлттық мәселелерді көтеретін зиялы тұлғалардың ықпалын азайту керек болды. Соның салдарынан нағыз қазақи ән мен күй, терең ой-пікірлер шеттетіліп, орнын бұқаралық, тобырлық мәдениет басты. Телевидение мен радионың бар мүмкіндігі де осы жеңіл-желпі бағыттағыларға берілді», деді өнертанушы.
Сонымен қатар ол дәстүрлі оркестрлердің қазіргі аянышты халіне қынжылыс білдірді. Кезінде сахна төрінде заңғар тұлғалар құрған академикалық ұжымдардың бүгінде ойын-сауық орындарында елеусіз қалғанын ашық айтты.
«Алайда нағыз өнер – тобырлық мәдениетті талқандайтын үлкен күш. Бұрын эстрадалық вокалды-инструменталды ансамбльдер мен әншілер тойхананың ішіне кіре де алмайтын. Олар сыртта, шатырда тұрып өнер көрсететін және өз орнын білетін. Ал тойхананың ішінде елге сыйлы үлкен тұлғалар, домбырашылар мен күйшілер отыратын. Ал қазір бәрі керісінше өзгерді. Нағыз дәстүрлі өнер иелері шеттетіліп, тіпті «Құрманғазы», «Отырар сазы», «Сазген» сияқты әйгілі оркестрлеріміздің өзін мейрамханалардың кіреберісіндегі фуршеттерде ойнатып қоятын сұмдық деңгейге жеттік. Керісінше, төрде фонограммамен өлең айтатындар жүр. Осының бәрін көргенде ішің күйеді», – деді Ерлан Төлеутай.
Соңғы жаңалықтар