"Топас болған соң, амалсыз жүрсің". Ақбота Жарқын массажға қалай келгенін айтты
Массаж жасаудың шебері Ақбота Жарқын төрт оқуды тәмамдап неліктен адам тәнін емдеу саласын таңдағанын әңгімеледі. Айтуынша, массажист болып жұмыс істеуге әкесі қатты қарсы болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.
«Ол кезде мені ешкім қолдаған жоқ, "сабағыңды оқы" деп айтатын. Негізі менің ең үлкен арманым — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқу еді. Қатты армандайтынмын. Бірақ әкем: "Журналист болып аяғыңнан тозасың, нан таппайсың. Қыз балаға тіл білген жақсы" деп, мені шетел тілдері мамандығына оқуға түсірді. Содан мектептерде ағылшын тілінен сабақ бердім, Чайковский атындағы музыкалық колледжде де жұмыс істедім. Бірақ ішкі жандүнием бұл мамандықтың маған арналмағанын сезетін. Жұмысқа қиналып, ешқандай мотивациясыз барып-келіп жүрдім», — деді Ақбота Жарқын.
Ары қарай ол әкесінің бағыттауымен бакалаврдан кейін шет тілдері мен шығыстану бағыты бойынша магистратураның грантына түскенін айтты.
«Бакалавриатты аяқтаған соң, магистратураға тапсырдым. Бакалавр дипломын алған кезде ата-анама: "Міне, колледждің де, бакалаврдың да дипломы — сендерге. Енді мен өз өмірімді сүріп, өз арманыма ұмтыламын. Маған сәл уақыт беріңіздерші" дедім. Солайша бір жыл бойы жұмыс істеп, өз салонымды ашып, алға жылжуға тырыстым. Бірақ бір жылдан соң әкем маған: "Сен топассың, қолыңнан ештеңе келмейді. Елдің балалары сияқты оқып, дұрыс жерде отырудың орнына, амалсыздан біреудің денесіне массаж жасап жүрсің" деді. Ол сөз намысыма қатты тиді. Сөйттім де, намысқа тырысып, шет тілдері мен шығыстану бағыты бойынша магистратураның грантына түсіп алдым. Сөз қайтарған жоқпын, өйткені ол кезде жас едім. Өз өмірімді толық қолға алу керектігін әлі түсінбейтінмін. Біздің түсінікте бірінші орында ата-анаға өзіңді дәлелдеу, "мен ондай емеспін" деп көрсету тұратын. Әкемнің айтқан сөзі жүрегіме батса да, "құлағым тыныш болсыншы" деп оқуға түстім. Екі жыл бойы магистратурада оқи жүріп, қатар жұмыс істедім», — деді массаж шебері.
Мұнымен қатар, ол еден жуып жүрген күндерінің өзінде табысқа жететінін сезгенін айтады. Кейін тұрмысқа шыққан соң медициналық курсқа түсіп, массаж жасауды кәсіби түрде меңгергенін жеткізді.
«Негізі арман деген асқақ болады ғой. Сонау колледжде еден жуып жүрген кездерімде де топтастарыма: "Қарап тұрыңдар, түбі менің жеке салоным болады, мен үлкен жетістікке жетемін" дейтінмін. Ол кезде визуализацияның, арманды елестетудің қалай жұмыс істейтінін де білмеймін. Сенгенім сонша, айналамдағылар, тіпті әкем де: "Сен тым қиялшылсың, құр босқа армандап жүрсің" деп күлетін. "Секрет" фильмін көргеннен кейін, доллардың суреттерін үйдің қабырғасына жапсырып қоятын едім. Қонақ келетін кезде әкем: "Жұрттан ұят болады, мынауыңды алып таста. Қиялдамай, сабағыңды оқы, жұмысыңды істе" дейтін. Магистратураны аяқтаған соң, салонымды қайта ашып, ары қарай дамытуға ұмтылдым. Бірақ сол кезеңде қатты қиналып, депрессияға түстім. Не істерімді білмей састым. Өйткені мені өмірде ешкім қолдап тұрған жоқ еді: ата-анам қарсы, сүйенетіндей артық қаржым да жоқ. Сол аралықта, 20-дан асқан шағымда тұрмысқа шықтым. Күйеуім де: "Сонша дипломың бар ғой, тым болмаса мектепте мұғалім болып істесеңші" дейтін. Арман-мақсатыма ешкім сенбегесін іштей қатты қиналыста жүрдім. Бірақ мен өз-өзіме сенуді ешқашан тоқтатқан емеспін. "Бәрін жеңіп шығамын" деп өзімді қайрадым. Тұрмысқа шыққаннан кейін медициналық курсқа түсіп, массаж жасауды кәсіби түрде меңгеруге кірістім. Сол кезде де жақындарым: "Тыным таппай не көрінді? Қайдағы бірдеңемен айналысқанша, дипломыңмен тыныш қана жұмыс істемейсің бе?" деп түсінбейтін», — деді Ақбота Жарқын.
Соңғы жаңалықтар