Тоқаев ЕО-мен стратегиялық әріптестіктің басым бағыттарын атады

04.04.2025 20:18 Автор politico.kz
Тоқаев ЕО-мен стратегиялық әріптестіктің басым бағыттарын атады
0
4
фото: Ақорда

Мемлекет басшысы сөзінің басында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке қонақжайлығы мен саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаға, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенге және Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларына көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға деген тұрақты ұстанымдары үшін ризашылығын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Президенттің айтуынша, қазіргі жедел геосаяси өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлер жағдайында өңіраралық әріптестікті тереңдету ерекше өзектілікке ие болып, стратегиялық мәнге ие бола түсуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке қатысушыларға Орталық Азия мен Еуропалық одақ арасындағы ықпалдастықтың болашақтағы негізгі бағыттары жөніндегі көзқарасын таныстырды.

Мемлекет басшысы ең алдымен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан Еуропалық одақ нарығына 175 түрлі тауар бойынша 2 млрд АҚШ долларынан асатын көлемде экспортты ұлғайтуға дайын.

Осы бағыттағы жобаларды іске асыру үшін Президент еуропалық бизнес өкілдерін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Сөз барысында энергетика саласы да маңызды ынтымақтастық бағыты ретінде атап өтілді.

– Қазақстан Еуропа үшін көмірсутектердің сенімді жеткізушісі мәртебесін сақтап келеді. Еліміз ЕО-ға импортталатын мұнайдың шамамен 13 пайызын қамтамасыз етеді, оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы жеткізіледі. Біз бұл консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмысын қолдауға бағытталған Еуроодақтың көмегін жоғары бағалаймыз, сонымен қатар балама тасымал бағыттарын дамытып жатырмыз. Қазақстан жаңартылатын энергия көздері мен экологиялық таза отын саласындағы жобаларды белсенді жүзеге асыруда. Жел және күн энергетикасының әлеуетін арттырып, еуропалық серіктестермен бірлесіп «жасыл» сутек өндірісін жолға қоюдамыз. Сонымен бірге Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжанмен бірге Каспий теңізі арқылы «жасыл» энергияны тасымалдау желісін салу жөніндегі ірі жобаны бастады, – деді Президент.

Оның пікірінше, сирек кездесетін жер металдары саласындағы әріптестік те стратегиялық маңызға ие. Қазақстан Еуропалық одақ экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрін өндіреді. Олардың қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да ресурстар бар. Сонымен бірге еліміз ЕҚДБ-мен бірлесіп геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, тау-кен өнеркәсібінде заманауи әрі орнықты тәжірибелерді енгізіп келеді. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Астанада сирек кездесетін металдар бойынша өңірлік зерттеу орталығын құруды ұсынды.

Президенттің айтуынша, тиісті инфрақұрылым қалыптасып, өңір елдерінің әрекеті үйлестірілген жағдайда Орталық Азия Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды транзиттік хабқа айнала алады. Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы контейнерлік тасымал көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаны құраған. Ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі орнықты көлік байланыстарын дамытуға бағытталған ЕО-ның Global Gateway стратегиясын қолдайтынын білдірді.

Қазақстан декарбонизация бағытындағы бастамаларды да белсенді ілгерілетіп келеді. Президенттің мәлімдеуінше, еліміз әлемдік ядролық отын жеткізілімінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп, таза энергия өндірісінде маңызды орын алады. Былтыр Қазақстанда климаттың өзгеруі мен «жасыл» энергетика мәселелері жөніндегі өңірлік жобалық офис құрылған.

Сөзінде Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды.

– Қазақстан бұл салаларға ауқымды инвестиция салып жатыр. Жыл басында Президент жанынан Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылды. 100 мың IT-маман даярлау бағдарламасы іске асырылуда. Астанада инновацияларды дамытуға, стартаптарды қолдауға және зерттеулер жүргізуге арналған Alem.AI жоғары технологиялық орталығы құрылуда. Сонымен қатар жасанды интеллектіні жедел дамыту үшін венчурлық қор іске қосылды. Team Europe бастамасы аясында Еуропалық одақ Орталық Азия елдерінің цифрлық саладағы ынтымақтастығына қолдау көрсетуде. Қазақстан тәжірибе алмасуға және бірлескен жұмысқа дайын. Осыған орай Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропалық одақ» инновациялық кампусын құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Еуропалық одақтың ғылым мен білім салаларында Қазақстан үшін маңызды серіктес болып отырғанын атап өтті.

– Біз Erasmus+, Horizon Europe және басқа да бағдарламалар шеңберінде тығыз ынтымақтасып келеміз. Қазақстанда 30-дан астам шетелдік университет филиалының ашылуы академиялық білімнің дамуына оң әсер етуде. Біз гранттар мен стипендиялар алу мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге мүдделіміз. Осыған байланысты жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология және басқа да басым салалар бойынша мамандар даярлауға бағытталған «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнықты дамудағы шешуші рөлін атап өтті. Ол Қазақстанның теңгерімді сыртқы саясатты ұстанып, барлық мүдделі мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен, соның ішінде Еуропалық одақпен ынтымақтастықты кеңейтуге бейіл екенін жеткізді.

Жаһандық тұрақсыздықтың күшейіп отырғанын айта келе, Мемлекет басшысы әлемдегі күрделі үдерістерге баға беруде жауапкершілік пен сабыр сақтаудың маңызын атап өтті. БҰҰ-ның 80 жылдығына орай ол елдерді ұйым Жарғысы мен халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын сақтау жолында күш біріктіруге және Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметін қолдауға шақырды.

Президент Украинаға қатысты келіссөздер үдерісін қолдайтынын да мәлімдеді.

– Қазақстан қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу ұстанымынан айнымайды. Осы себепті Украина бойынша келіссөздердің басталуын құптаймыз және мәселенің күрделілігін түсіне отырып, оң нәтиже болады деп үміттенеміз, – деді ол.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасына қолдау білдіргені үшін саммитке қатысушылар мен еуропалық серіктестерге алғыс айтты. Оның айтуынша, бұл орталық «2030 күн тәртібін» жүзеге асыруға және өңірдегі әлеуметтік, экономикалық әрі экологиялық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосады.

Жиын барысында Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан басшылары, сондай-ақ Еуропалық кеңес, Еуропалық комиссия және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері де сөз сөйледі.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий