Министр Ербол Мырзабосынов Михаил Шайдоров мәселесіне ресми түсініктеме берді
Қазақстанның мәнерлеп сырғанау жұлдызы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа қатысты жалақы төлеу мәселесіне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министрдің айтуынша, спортшының алдыңғы олимпиадалық цикл бойынша келісімшарты 2026 жылдың ақпан айында аяқталған. Сол себепті наурыз айынан бастап жаңа циклге арналған келісімшарт рәсімделмегендіктен, жалақы төлеуге заңды негіз болмаған.
Оның сөзінше, бұл жағдай барлық ұлттық құрама спортшыларына ортақ қалыпты рәсім болып табылады: әр олимпиадалық кезең аяқталған соң жаңа келісімшарт жасалады.
«Михаил Шайдоров – ел мақтанышы. Оның Олимпиададағы жетістігі тарихи оқиға. Жаңа келісімшарт оған Олимпиада чемпионы ретіндегі мәртебесін ескере отырып ұсынылды», – деді министр.
Алайда тараптар жаңа келісімшарттың кейбір тармақтарымен, соның ішінде міндеттемелер бөлімімен келісе алмаған. Қазіргі уақытта спортшы мен министрлік арасында келіссөздер жалғасып жатыр.
Министрлік өкілдері спортшыға толық қолдау көрсетілетінін, оның жаттықтырушылар штабы мен медициналық тобы жұмысын жалғастыратынын атап өтті. Сондай-ақ Михаил Шайдоровқа «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атағын беру мәселесі қарастырылып, тиісті құжаттар дайын екені айтылды.
Тараптар ортақ келісімге келген жағдайда спортшыға өткен айлар үшін төлемдер толық өтелетіні де хабарланды.
Қазіргі таңда мәселе құқықтық және келісімшарттық деңгейде қарастырылып жатыр.
Соңғы жаңалықтар