Тоқаев пен Путин АЭС құрылысы мен мұнай саласына қатысты маңызды құжаттарды бекітті

28.05.2026 17:53 Батырбек Сулеймен
Тоқаев пен Путин АЭС құрылысы мен мұнай саласына қатысты маңызды құжаттарды бекітті
66
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Ресей басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуі аясында қос мемлекеттің ресми делегациялары стратегиялық маңызы бар бірқатар құжатпен алмасты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл жиындағы басты жаңалықтардың бірі елімізде атом электр станциясын салу жобасына қатысты болып отыр. Екі ел үкіметі АЭС құрылысының негізгі шарттарын бекітіп қана қоймай, бұл жобаны қаржыландыру үшін Ресей тарапынан мемлекеттік экспорттық несие бөлу туралы келісімге келді. Оған қоса атом энергиясы агенттіктері ядролық және радиациялық қауіпсіздікті реттеу бағытында алдағы бес жылға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдады. Сондай-ақ мұнай саласындағы байланысты одан әрі кеңейту туралы нақты шешім қабылданды.

Қаржылық және көлік логистикасы салалары да назардан тыс қалмады. Қазақстанның Ұлттық банкі мен Ресейдің Орталық банкі теңге мен рубльге негізделген валюталық своп туралы екіжақты келісімді және ортақ ынтымақтастық меморандумын рәсімдеді. Ал қаржылық мониторинг ведомстволары қылмыстық кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы күресті күшейтуге уағдаласты. Сонымен бірге екі елдің көлік министрліктері мен ұлттық теміржол компаниялары жүк тасымалын цифрландыруды бірлесе дамытатын болды.

Гуманитарлық бағыттағы байланыстар да жаңа деңгейге көтерілмек. Елімізде дарынды балаларға арналған «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру орталығын ашу жөнінде құжат бекітілді. Бұдан бөлек Омбы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалында ресейлік студенттерді оқыту шығындарын қаржыландыру мәселесі шешімін тапты. Білім мен ғылымнан бөлек денсаулық сақтау саласындағы тұтынушылар құқығын қорғау, сондай-ақ Еуразия ұлттық университеті мен Ресейдің сыртқы сауда академиясы арасындағы ынтымақтастық жоспарлары пысықталды. Бұған қоса Президенттің телерадиокешені мен ресейлік медиа құрылымдар өзара түсіністік меморандумына қол қойды.

Айта кетейік, екі ел басшысы Қазақстан және Ресей достығының жаңа 7 негізін бекіткен болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий