Тоқаев Құрылтайдың алдында тұрған негізгі міндеттерді атады
Құрылтайдың бірінші сессиясы кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент атқаруы тиіс негізгі міндеттерді белгіледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол заң шығару үдерісі мен конституциялық нормалардың сақталуына ерекше назар аударды.
«Енді мен Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтейін.
Бірінші. Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет. Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек.
Екінші. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек. Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, заң шығару сапалы әрі жауапты атқарылуы тиіс.
«Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек. Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет. Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады. Әрине, озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайды. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады. Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек. Қазіргі таңда менің бастамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді. Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет. Еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау керек. Бұл істе қағазбастылық пен салғырттыққа жол беруге болмайды. Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет. Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық, пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс», – деді Президент.
Президент депутаттарға бірқатар маңызды құжаттарды қабылдауды тапсырды.
«ҮШІНШІ. Депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет. Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады. Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор. Сонымен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар. Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат. Бұдан бөлек, мен таяуда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім. Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Құрылтай қос палаталы Парламент депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауы тиіс.
«Бұдан бөлек, Құрылтай қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында айттым. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек. Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заңдарға айрықша назар аударып, қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
«Жалпы, біз өскелең ұрпақтың қолайлы және, ең бастысы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес. Энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет», – деді Тоқаев.
Президенттің сөзіне қарағанда, қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас пен жалаң популизм ешкімге керек емес.
«Түптеп келгенде, Құрылтай еліміздің заңнамаларын заман талабына сай жаңғыртуы керек. Ұлттық мүддені, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты жедел әрі сапалы атқарған жөн. Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз. Бұл – күрделі, асқан ұқыптылықты талап ететін өте қажетті жұмыс. Жаңа этиканы қалыптастыру ісі ел алдындағы азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына байланысты екені сөзсіз. Қоғамдық орындарда келеңсіз, жөнсіз әрекеттерге жол бермеу қажет. Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе. Жалпы, жұртымыз елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап бағалайды. Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті. Ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, жаңа буынның, яғни жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастардың келуіне себепші болды. Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі. Ашығын айтсақ, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты да – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу. Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес», – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, дәл қазір нақты өзгеріс жасай алатын азаматтардың орны бөлек.
«Бізге жауапкершіліктен қашпайтын, батыл, белсенді, білімді басшылар, нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет. Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге түсіністікпен қарайтын да шығар. Себебі жұмыс қателіксіз болмайды. Бірақ біз реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқашан кешірмейді. Қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда бейқам, жасық әрі жауапсыз болсақ, тығырыққа тап боламыз. Еліміздің ертеңі әрбір депутаттың ынта-ықыласына, қажыр-қайратына және отаншылдығына байланысты екені сөзсіз. Сіздер – түрлі қызметте табысқа жетіп, мол тәжірибе жинаған білікті мамансыздар. Өздеріңізді жауапты, жұртқа жанашыр, бастамашыл азамат ретінде танытып келесіздер. Енді осы тәжірибені ел игілігіне жаратып, Қазақстанды дамыту үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Құрылтай мемлекет пен халық арасында дәнекер болуы тиіс екенін айтты.
«Құрылтайдың бірінші шақырылымы – ел дамуының жаңа белесі. Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Енді сол сенімді ақтап, қоғамға пайдасы тиетін шаруамен айналысу қажет. Әрбір шешім елдің тағдырына, мемлекеттің болашағына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр қадам байыппен жасалуға тиіс. Жеке бастың мүддесі емес, елдің мүддесі басты орында тұруы керек. Құрылтай мемлекет пен халықтың арасында дәнекер болып, ұлтымызды ортақ іске ұйыстыруы қажет. Қазақстан парламентаризмін дамытуға елеулі еңбек сіңірген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Ең басты игілік – бірлік» деген тамаша сөзі бар. Шын мәнінде, біз ырысты ынтымағымыздың арқасында мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтып, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Береке бірлік бар жерге ғана тұрақтайды. Ауызбіршілігімізді сақтай білсек, әлі талай белесті бағындырамыз. Барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Президент Құрылтайдың депуттарына.
Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев болашақ Қазақстан Халық Кеңесінің рөлі туралы айтты.
Соңғы жаңалықтар