Тоқаев Үкіметке ірі қалалардың даму жоспарын жасауды тапсырды

Тоқаев Үкіметке ірі қалалардың даму жоспарын жасауды тапсырды
Фото: Ақорда

Қазақстанның әрбір ірі қаласының алдағы жылдарға арналған нақты даму жоспары болуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осындай талап қойды. Сонымен қатар Үкімет пен әкімдіктерге қалалардың инфрақұрылымын цифрлық жүйеге көшіруді тапсырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Мемлекет басшысы ауылдарды дамыту мәселесі назардан тыс қалмайтынын айтты. Дегенмен қазіргі заманда экономика, білім мен технологияның дамуына қалалардың ықпалы зор екенін атап өтті.

– Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн, – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, ірі қалалардың дамуы сол өңірдің ғана емес, бүкіл елдің экономикасына әсер етеді. Сондықтан қалалардың болашағын алдын ала жоспарлау қажет.

– Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қалалардағы инфрақұрылымды басқаруға жаңа технологияларды енгізуді де тапсырды.

Атап өткенде, Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуге тиіс. Бұл – қаланың инфрақұрылымын цифрлық түрде бейнелеп, оның жағдайын бақылауға және басқаруға мүмкіндік беретін жүйе.

– Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев қалалардың тек экономикалық жағынан дамуы жеткіліксіз екенін де атап өтті. Оның сөзінше, тұрғындар үшін қауіпсіз, жайлы әрі көрікті орта қалыптастыру маңызды.

– Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қала дамыса, бүкіл өңірдің жағдайы жақсаратынын жеткізді.

– Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл туралы Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу