Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын өткізді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Жиын барысында Мемлекет басшысы одақтың құрылу тарихына тоқталып, дәл осы күні 2014 жылдың 29 мамырында Қазақстан елордасында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанын еске салды. Бұл күннің символикалық мәні зор екенін айтқан Президент жиынға қатысушыларды атаулы мерекемен құттықтады.
«Бұл уақиға еуразиялық интеграцияның маңызды кезеңі ретінде есте қалды. Одақ құрылған сәттен бері еуразиялық «бестіктің» басты ынтымақтастық алаңына айналды. Осыған орай барша әріптесімді Еуразиялық экономикалық одақ күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бірлестік одан әрі дамып, елдеріміз бен халықтарымыздың игілігіне қызмет ете берсін! Бүгінгі шағын форматтағы кездесу барысында біз сыртқы саудаға, жасанды интеллектіні дамыту бастамаларына қатысты маңызды мәселелерді талқылаймыз. Бұл туралы мазмұнды әңгімеміз кеше экономикалық форум аясында басталды. Жиынымыз әдеттегідей конструктивті сипатта өтіп, өзара тиімді шешімдер қабылданатынына сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.
Кеңес отырысына Қазақстан басшысымен қатар Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, сондай-ақ Армения вице-премьері Мгер Григорян мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты.
Соңғы жаңалықтар