Тоқаев жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтитын жаңа бағдарламаны ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда «Халықтық құрылыс» атты ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламаны іске асыруды ұсынды. Жоба аясында көптеген елді мекенге газ бен таза ауыз су тартылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қомақты қаржы бөлінеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуі тиіс. Бұл тізім Қазақстанның барлық өңірін қамтуы қажет.
«Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін», деді Президент.
Тоқаевтың сөзінше, «Халықтық құрылыс» Қазақстан тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба болмақ. Бағдарлама халықтың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық экономиканы жандандыруға бағытталады.
Президент бұл бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, оның игілігін бүкіл халық, әсіресе жас ұрпақ көретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы көлік және логистика саласын дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, әлемде логистика жүйесі қарқынды өзгеріп жатыр. Теңіз жолдарының осалдығы құрлық арқылы өтетін көлік дәліздерінің маңызын арттырған.
«Қазақстан осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуы керек», деді Тоқаев.
Президенттің мәліметінше, қазір Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бірақ Мемлекет басшысы мұндай қолайлы жағдайға қанағаттанып отыру болашақта елдің артта қалуына әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Тоқаев Қазақстан халықаралық жүк тасымалына қатысушы ғана емес, оны ұйымдастыратын негізгі елдердің біріне айналуы қажет екенін айтты.
Осы мақсатта келесі жылы Бақты мен Аягөз арасындағы жаңа теміржол желісі іске қосылады. Бұл бағыт Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттырады.
Тамыз айында «Арал-Каспий» күре жолының құрылысы басталған. Президенттің айтуынша, жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1000 шақырымға қысқартады. Соның нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі үш күнге дейін азаяды.
Мемлекет басшысы Үкіметке осы саладағы барлық жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.
Тоқаев отандық логистикалық операторларды дамытуға, жүктерді жинақтау және тарату орталықтарын құруға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Сондай-ақ ірі көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын ашу маңызды екенін жеткізді.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар