Трамптың Конгресстегі алғашқы мәлімдемелері

Трамптың Конгресстегі алғашқы мәлімдемелері
05.03.2025 10:23
0
615
POLITICO
Трамп Байден әкімшілігінің бюджеттік шығындарын сынға алды

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Конгрессте сөйлеген сөзінде Украина президенті Владимир Зеленскийден хат алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ. Трамптың айтуынша, Зеленский бұл хатында "мүмкіндігінше тезірек" ұзақ мерзімді бейбіт келісімге келуге дайын екенін білдірген. Сонымен қатар, ол Ресей тарапынан да "мықты сигналдар" түсіп жатқанын атап өтті.

Украинадағы қақтығысқа тоқталған Трамп "бұл ақылға қонымсыз соғысты тоқтатайық" деп мәлімдеп, диалог жүргізуге шақырды.

Трамп өз сөзінде АҚШ-тың әлемдік саясаттағы жаңа бағыттарын да атап өтті. Оның айтуынша, Вашингтон Гренландияны өз құрамына қосуға дайын, егер оның халқы осындай шешім қабылдаса, "ол бәрібір АҚШ-қа тиесілі болатынын" айтты. Сонымен қатар, Панама каналына бақылауды қайтару жұмыстары басталған, америкалық компания бұл мәселе бойынша келісімге келген.

Экономикалық салада Трамп Қытай, Үндістан және Еуропалық Одаққа қарсы импорттық тарифтер енгізілетінін, бұл салықтардың 2 сәуірден бастап күшіне енетінін мәлімдеді.

Қорғаныс саласында Трамп Конгрестен "Golden Dome" зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін қаржыландыруды талап етті. Бұл жүйе толығымен АҚШ-та өндірілетін болады.

Ғарыштық саясат бойынша Трамп АҚШ-тың Марсқа жалау тігіп, одан да алысқа жететінін мәлімдеді.

Сондай-ақ, Трамп АҚШ-тағы мемлекеттік саясаттағы өзгерістерге тоқталып, "Америкада тек екі жыныс бар: ер және әйел" деп мәлімдеді. Ол ер адамдарға әйелдер арасындағы спорт жарыстарына қатысуға тыйым салынғанын хабарлады.

Байден әкімшілігін сынай отырып, Трамп "Американың жаңа дәуірі басталды" деп мәлімдеді. Оның айтуынша, 43 күн ішінде өзінің әкімшілігі басқа президенттерден көбірек жетістікке жеткен.

Трамп сонымен қатар Байден әкімшілігінің бюджет қаражатын қалай жұмсағанын сынады. Ол Маск басқаратын Мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) зерттеулеріне сүйене отырып, мынадай мәліметтер келтірді:

  • $8 млн Лесото елінде ЛГБТ насихаттауға жұмсалған
  • $8 млн трансгендер тышқандар жасауға бөлінген
  • $10 млн Мозамбиктегі сүндеттеу бағдарламасына кеткен
  • $32 млн Молдовада "солшыл" құндылықтарды насихаттауға бөлінген
  • $20 млн "Сезам Көшесі" телебағдарламасын Таяу Шығысқа таратуға жұмсалған

Осы мәліметтерді келтіре отырып, Трамп Байден әкімшілігінің салық төлеушілердің ақшасын тиімсіз жұмсағанын айтты.

Бұған дейін белгілі болғандай, АҚШ Қазақстандағы "дезинформациямен күрес" бағдарламасына $4,5 млн бөлген. Бұл қаражат грант ретінде журналистерге, БАҚ өкілдеріне және үкіметтік емес ұйымдарға берілген.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий