Түркістан облысында 12 адамның өмірін қиған өрттің алдын ала себебі белгілі болды
Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында орналасқан жеке тұрғын үйдегі өртке тұрмыстық электр құрылғылары қосылған желілік сүзгінің (сетевой фильтр) істен шығуы себеп болуы мүмкін. Қорытынды шешімдер сараптамалар мен тергеу аяқталғаннан кейін шығарылады, деп хабарлайды деп хабарлайды POLITICO.KZ Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабековтың айтуынша, өрт туралы хабарлама таңертең ерте түскен. Оқиға орнына жедел түрде жеке құрамнан 8 қызметкер және 2 техника жіберілген.
«Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт-техникалық зертхана мамандары жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына электр құрылғылары қосылған желілік сүзгінің (сетевой фильтр) ақауы себеп болған. Алайда өрт-техникалық зертхананың сараптамалық қорытындысы әзірге дайын емес. Қазіргі уақытта өрт фактісі бойынша тергеу тағайындалды, тексеру шаралары жүргізілуде. Өрттің нақты себебі анықталып, қосымша ақпарат ұсынылады», — деді Жасұлан Айнабеков Jibek Joly телеарнасының эфирінде.
Бұған дейін қайғылы жағдайды үкіметтік комиссия төрағасы вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттен қылмыстық құрам анықталмағанын мәлімдеген болатын. Тергеу «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша жүргізілуде.
Еске сала кетейік, кеше таң ата Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай отқа оранған.
Соңғы жаңалықтар