Түркістанда суши-пиццаға тапсырыс берген 14 адам уланып қалды
 
                                Түркістанда алты ай бұрын антисанитарлық жағдайларға байланысты жабылған кафеден тағы 14 адам уланды. Биылғы жылдың наурыз айында дәл осы мекемеден тамақ алып жеген 70-ке жуық адам ауруханаға түскен еді. Соған қарамастан мекеме жұмысын жалғастырған, деп хабарлайды POLITICO.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Бұл жолы фаст-фудтан 14 адам уланып, медициналық көмекке жүгінген. Олар пицца, тауық еті және сушиға жеткізу қызметі арқылы тапсырыс берген.
Санитария-эпидемиология мамандары қазір улануға нақты не себеп болғанын анықтауға тырысып жатыр.
Айта кетейік, наурыз айында дәл осы мекемеде көптеген бұзушылықтар анықталған еді. Ол кезде ауызашар кезінде 68 адам зардап шегіп, кафе жабылған болатын. Алайда көп ұзамай мекеме кәсібін қайта жалғастырған.
Полиция «Санитария ережелері немесе гигиена нормативтерін бұзу» бабы бойынша іс қозғады. Бұл бап бойынша кінәлілер екі жылға дейін бас бостандығынан шектелуі немесе айырылуы мүмкін.
«Кемшілікті жоймастан, бұл нысан қазан айынан бастап тамақ дайындауға қайта кіріскен. 21 қазанда екінші рет жаппай тамақтан улану фактісі тіркелді. Жалпы зардап шеккендердің саны — 14. Науқастардың бәрі пицца, суши, тауық етін үйге алғызған. Олардың жағдайына байланысты Түркістан облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті нысандарға жоспардан тыс тексеру жүргізді, санитария нормасын сақтамай, өрескел кемшіліктерге жол берілгені анықталды», – деді Түркістан облысының Санитарлық-эпидемиологиялық орталығы бастығының орынбасары Асқар Ысқақов.
Соңғы жаңалықтар
 
                                         
                                         
                                         
                                         
                                         
                            