Түтіннен көрмей қалған: БҚО-да өрт сөндіруші қызмет үстінде қаза тапты
Батыс Қазақстан облысындағы дала өртін сөндіру кезінде құтқарушы Миршат Халиуллин қайғылы жағдайда қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі қайғылы оқиғаның 3 қыркүйекте болғанын растады. Жәнібек ауданына қарасты Татран қыстауының маңында құрғақ шөп жанып, құтқарушылар оқиға орнына аттанған.
«Қызметтік міндетін атқару кезінде департамент қызметкері жарақат алды. Ол Жәнібек ауылындағы аудандық ауруханаға жеткізіліп, көрсетілген медициналық көмекке қарамастан көз жұмды», – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Департамент қаза тапқан қызметкердің отбасына жерлеу рәсімін ұйымдастыруға және өзге де қажетті көмек көрсеткенін мәлімдеді.
Қоғам бұл жағдай туралы марқұмның туыстары әлеуметтік желіде жазғаннан кейін ғана білді. Өрт сөндіру бөлімінің взвод командирі Миршат Халиуллиннің әкесі Марс Халиоллаұлы оқиғаның қалай болғанын түсіндірді. Оның айтуынша, қайғылы жағдай Тау ауылының маңында болған.
«Менің балам қолымда тұрды, үйдің асыраушысы еді. Ол өрт сөндіру қызметіндегі жұмысын 2016 жылы бастады. Өзім оқиғаның қалай болғанын білмеймін, бірақ мән-жайды әріптестері айтып берді. Тау ауылы маңында өрт болған. Бұл туралы ол кезекшілікке түскенде біліп, далалыққа барады. Өрт сөндіру көлігінің рулінде өзімен тетелес бала, бірге ойнап, бірге жүрген әріптесі болды. Екеуі бірге оқыған, бірге жұмысқа тұрды. Өрт сөндіру жұмыстары кезінде әріптесі абайсызда көлігімен басып кеткен. Жүргізуші түтін кезінде көрмей қалғанын айтып отыр. Айналаны қарап келе жатқан, бір қарағанда көрген, кейін байқамаған. Кешірім сұрады. ТЖД өкілдері келіп көңіл айтты, көмегін ұсынды», – деді Марс Халиоллаұлы.
Әкенің сөзіне қарағанда, ұлы ауруханаға жетпей жан тапсырған. Миршат отбасындағы үш баланың үлкені әрі үйдің негізгі асыраушысы болған. Оның артында інісі мен қарындасы қалды, ал анасы ертеректе қайтыс болған.
Марқұмның туысы Алтай Бақтығалиев те желіде жазба қалдырып, Миршаттың еңбек жолын еске алды. Оның мәліметінше, Миршат арнайы оқу орнын бітіріп, әскерде борышын өтеген. Бастапқыда Ұзынкөл ауылдық округі әкімі аппаратында статист болып жұмыс істеген. Ал 2016 жылдан бастап аудандық өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен.
«Ол өзінің амандығын емес, халықтың қауіпсіздігін ойлап қызмет етті. Сондықтан оның қазасын бір жас жігіттің қайғылы өлімі деп қана қабылдауға болмайды. Оның ел үшін атқарған қызметі мен ерлігі ұмытылмауы керек», – деді Алтай Бақтығалиев.
Соңғы жаңалықтар