Ұлттық байлық қай қолға өтеді? 39 кен орны аукционға қойылуда

Ұлттық байлық қай қолға өтеді? 39 кен орны аукционға қойылуда
11.07.2025 17:18
0
234
Коллаж POLITICO.KZ

Қазына кімге бұйырады?: ұлттық байлық қазаққа жете ме, әлде шетелдіктер иемдене ме?

2025 жылы 3 шілдеде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрамында қатты пайдалы қазбалар қоры бар 39 кен орны бойынша электронды аукцион өткізілетіні туралы хабарлады. Оған қатысу үшін өтінімдер биыл 2 шілдеден 2 қыркүйекке дейін «minerals.e-qazyna.kz» жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасы арқылы қабылданады. Аукцион 19 қыркүйекте сол сайтта өтеді. 
Осы орайда мынадай сұрақтар туындайды: Үкіметтің 39 кен орнын электронды аукционға қоюының саяси астары бар ма? Аукцион әділ өте ме? Жекешелендіру 1990 жылдардағы «жабайы капитализмді» қайталай ма? Ұлттық байлық жаңа кландар арасында бөлініп кетпей ме? Әлде байлығымыз шетелдіктерге тие ме?

Аукцион жекешелендірудің ең тиімді жолы

«Мемлекеттік мүлік туралы» заңда жекешелендірудің мынадай түрлерін көрсеткен: 

  • Аукцион және тендер арқылы сауда-саттықта сату;
  • Қор биржасындағы сауда-саттық;
  • Екі кезеңді рәсiмдер жолымен өтетін конкурс;
  • Туынды бағалы қағаздарды сату;
  • Тiкелей атаулы сату. 

Аталғандардың ішінде ең ашық әрі әділ жолы аукцион болып саналады. Онда сату және сатып алу процесі ашық түрде өтеді. Ең жоғары баға ұсынғаны аукционға қойылған мүлікті сатып алады. 
Керісінше 1990 жылдардағы ұлттық байлықты жекешелендіру саяси элита қабылдаған шешім арқылы жүзеге асты. Бұл процесс ашық, әділ өткен жоқ. Сондай-ақ, мемлекеттік мүлікті сатып алған инвестормен жасалған келісімшарт мәтіні жария емес. 

Қандай пайдалы қазбалар аукционға қойылмақ?

Министрліктің ресми хабарламасына сәйкес Қазақстанның аумағындағы 39 кен орны аукционға қойылады. Олардың басым бөлігі Ақтөбе (13), ШҚО (8), Абай (4) және Қарағанды (5) облыстарында шоғырланған. 
Кен орындарында алтын, кварц, асбест, марганец, темір, қорғасын, мыс, күміс, полиметалл, никель, кобальт, көмір, барит, бор және пегматит пайдалы қатты қазбаларды өндіруге болады. Бұл пайдалы қазбалардың ішінде ең көбі алтын. Нақтырақ айтар болсақ, 12 кен орында алтын бар. 

Келісімшарттар ашық жариялануы тиіс

Кен орындарын сату туралы жаңалық қоғамда қызу талқыланып жатқан жоқ. Бұған кезекті саяси маусымның аяқталуы мен еңбек демалысы кезеңі себеп болуы мүмкін. 30 маусымда Парламент депутаттары демалысқа шықты. Қала берді жаз айларында азаматтық қоғам өкілдерінің басым бөлігі еңбек демалысына шығады. 
Дегенмен халық тарапынан бұл тақырыпқа қызығушылықтың жоқтығы оның маңыздылығын жоғалтпайды. Себебі жоғарыда атап өткеніміздей, 1990 жылдардағы жекешелендіру әділетсіз өткен. «Жабайы капитализмнің» нәтижесінде кландар капиталға ие болып, суперпрезиденттік жүйенің іргетасы қаланған. 
Сондықтан Үкімет аукцион жайлы халыққа ашық әрі толық ақпарат беруі тиіс. Оның жүру барысы, кім сатып алды, қалайша жеңгені туралы ақпарат, сондай-ақ сатып алушы тұлға немесе компаниямен жасалған келісімшарт ашық жариялануы тиіс. 

Ашықтық болмаса қандай тәуекелдер болуы мүмкін?

Кеңес үкіметінің құндылықтық мұрасы мен 1990 жылдардағы әділетсіз жекешелендіру халықта шетелдік инвесторларға және қазақстандық байларға қатысты жағымсыз көзқарас қалыптастырды. Сондықтан биліктің жекешелендіруге байланысты кез келген бастамасына қоғам сенімсіздікпен қарайды. Мұның бәрі билікке қысқа мерзімде мынадай тәуекелдер алып келуі мүмкін:

  • Билікке сенімнің азаюы. Аукцион ең тиімді жекешелендіру жолы болғанымен, егер ашық әрі әділ өтпесе халықтың билікке сенімін төмендетеді. 
  • Жаппай наразылық қаупі. Елімізде 2016 жылы жер митингілері, ал 2021 жылы Қытаймен бірлескен 56 өнеркәсіп салуға қарсы наразылық акциялары өтті. Бұл наразылық кейстері шетелдік инвесторлармен қарым-қатынас пен жерді жалға беру процесін билік ашық жүргізбегендіктен орын алды. 
  • Қазақстан ірі саяси ойыншылардың ойын алаңына айналуы мүмкін. Егер АҚШ, Қытай немесе Ресей компаниялары жеңіске жетсе, әр тарап елімізге ақпараттық қысым жасауы ықтимал. Бұл Қазақстандағы русофобиялық және синофобиялық көзқарастың пайда болуы немесе өршуіне түрткі болады. Әзірге қай елдің компаниялары қызығушылық танып жатқаны белгісіз. Ақпараттық шу 19 қыркүйектен кейін пайда болуы мүмкін. 
  • Ескі Қазақстан активтерге иелік етуге тырысуы мүмкін. Ескі Қазақстанмен байланысын үзбеген қазақстандық байлар азайып бара жатқан активтерін осылай легитимді жолмен қайтару немесе көбейтуге ұмтылуы ықтимал. 

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий