Ұлытау облысы жалақы көлемі бойынша Астана мен Алматыдан озып кетті
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Ұлытау облысының тұрғындары табыс көлемі бойынша Астана мен Алматы қалаларын басып озып, республикадағы ең жоғары жалақы алатын өңірлердің көшін бастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы қаңтар мен мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму есебіне сүйенсек, бұл аймақтағы орташа айлық табыс 655 995 теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш ел бойынша орташа есептелген 461 486 теңгеден айтарлықтай жоғары.
Еңбекақы деңгейі бойынша Маңғыстау облысы 659 801 теңгемен алдыңғы орында тұрса, одан кейінгі сатыға Ұлытау жайғасқан. Ал үшінші орындағы Атырау облысының тұрғындары орта есеппен 652 950 теңге алады. Осылайша жаңадан құрылған облыс еліміздің басты мегаполистерін артта қалдырып отыр.
Нақтырақ айтқанда, елордадағы орташа жалақы 609 725 теңгені құраса, Алматыда бұл сома 574 162 теңгеге тең. Шымкент қаласындағы табыс мөлшері әлдеқайда төмен, бұл қаладағы орташа жалақы 350 374 теңгені көрсетеді.
Статистикалық мәліметтер өңірдегі табыстың тұрақты түрде өсіп жатқанын дәлелдейді. Өткен жылмен салыстырғанда мұндағы номиналды жалақы индексі 109,5 пайызды құрап, 109,1 пайыздық республикалық орташа деңгейден асып түсті. Өсім қарқыны бойынша ұлытаулықтар 106,2 пайыздық көрсеткіші бар Маңғыстау және 103,0 пайыз жинаған Атырау сияқты мұнайлы аймақтардан озып кетті.
Сондай-ақ нақты табыс өсімі жөнінен Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарын да артта қалдырды. Инфляцияны есепке алғандағы нақты жалақы деңгейі бұл өңірде 96,6 пайызға жеткен. Бұл 91,8 пайыздық Атырау мен 94,9 пайыздық Маңғыстау облыстарына қарағанда жоғары нәтиже.
Сонымен қатар бұл көрсеткіш 98,1 пайыз жинаған Астана мен 99,5 пайызды құраған Алматы қалаларының деңгейіне өте жақын. Яғни баға өсіміне қарамастан жергілікті халықтың сатып алу қабілеті басқа өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда тұрақты сақталып отыр.
Бұл экономикалық серпілістің негізгі қозғалтқышы тау-кен металлургия кешені және өңірдегі басты жұмыс беруші саналатын «Қазақмыс» корпорациясының қызметі болып табылады. Компанияның жаңа өндірістік жобалары мен жалақыны тұрақты түрде индекстеу саясаты өңірге мықты мамандарды тартуға толық мүмкіндік берді. Нәтижесінде Ұлытау облысы еңбек нарығында мұнайлы аймақтар мен ірі мегаполистерге лайықты бәсекелес бола алды, деп түсіндіреді сарапшылар.
Соңғы жаңалықтар