Ұлытау облысында шахтада жарылыс болып, жеті адам опат болды

Ұлытау облысында орналасқан "Қазақмыс" компаниясына тиесілі шахтада жарылыс болып, жеті кенші көз жұмды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Төтенше жағдай Жомарт руднигінде орын алған. Алдын ала мәліметтер бойынша, шахтада табиғи газ жарылып, нәтижесінде жеті кенші үйінді астында қалған.
"Оқиға салдарынан жеті жұмысшының өмірі қиылды. Қазіргі таңда олардың денесі жер бетіне шығарылып, полиция қызметкерлеріне сот-медициналық сараптама жүргізу үшін тапсырылды", – деп мәлімдеді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.
Қазіргі уақытта апаттың себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды.
Апат орнына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД құтқарушылары, кинологиялық топтар, медицина қызметкерлері, МЧС психологтары және авариялық-құтқару бөлімшелері жұмылдырылған. Құтқару жұмыстарына 21 маман және 7 техника тартылған.
Ресми мәліметке сәйкес, апат орын алған сәтте байланыс кабельдері үзіліп, шахтадағы кеншілермен хабар алу мүмкін болмаған. Оқиғаның нақты себептері тексерілуде.
ТЖМ Қазақстан азаматтарына "ыстық желі" телефонын іске қосты: 8 (7271) 55-96-21.
Бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабының 3-бөлігі ("Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар





