ҰҚК генералдың інісін тергеуде

01.09.2026 18:44 Абзал БАХЫТЖАНОВ
ҰҚК генералдың інісін тергеуде
156
Иллюстрация/Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Қостанай облысы полиция департаменті бастығының туған інісі Нариман Файзуллинге қатысты тергеу бастады. Politico.kz-тің ресми сауалына берген жауабында ведомство бұл фактіні растады.

Нариман Файзуллин «Степняк 2015» ЖШС директоры қызметін атқарады. Ол – облыстық полицияны басқаратын генерал Ерлан Файзуллиннің туған інісі.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген Бөлімше бастығы Олжас Бектенов қол қойған жауапта.

«ТоболИнфо» басылымының мәліметінше, ҰҚК оны 26 тамызда құрықтаған. Дереккөз күдіктінің Қылмыстық кодекстің 367-бабы 3-бөлігі бойынша пара беруге арандату күдігіне ілінгенін жазады.

Нариман Файзуллин қылмыстық істердің бірінде делдал ретінде көрінген. Басылымның жазуынша, ол айыпталушыларға рақымшылық қолдану мәселесін шешіп беруді ұсынып, қызметі үшін 15 млн теңге сұраған.

Күдіктіге қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған. Ол полиция қызметкерлеріне өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтіндей күш қолданды деп айыпталып отыр. Бұл іс бойынша тәртіп сақшылары жәбірленуші деп танылған.

Дереккөз ақпаратына қарағанда, тергеушілер мен делдалдар жазаны жеңілдету үшін түрлі қызметтер ұсынып, рақымшылыққа ілігу жолдарын әдейі қиындатқан. Бұл әрекеттердің барлығы генералдың інісі Нариман Файзуллиннің басшылығымен жасалған болуы мүмкін.

Файзуллин Ерлан Жұмасейітұлы – 2023 жылдың мамыр айынан бастап Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы лауазымын атқарып келеді. Құқық қорғау органдарында 1997 жылдан бастап жұмыс істейді. Арнайы атағы – полиция генерал-майоры.

Войдите, чтобы оставить комментарий