Генерал Ерлан Файзуллиннің туған інісі ұсталды
Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы генерал Ерлан Файзуллиннің туған інісі Нариман Файзуллинді Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстады, деп хабарлайды tobolinfo.kz ақпарат агенттігі.
Tobolinfo-ның мәліметінше, оған пара беруге итермеледі және полиция қызметкерлеріне күш көрсетті деген айып тағылып отыр.
Арнайы операцияны 26 тамыз, сәрсенбі күні ҰҚК-нің елордалық департаменті жүргізді. «Степняк 2015» ЖШС директоры болып істейтін Нариман Файзуллин қазір уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оны қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау мәселесі шешіліп жатыр.
Дереккөздің мәліметіне сүйенсек, күдіктіге пара беруге азғыру бабы бойынша айып тағылған. Ол қылмыстық істердің бірінде делдал болып, рақымшылық қолдану мәселесін шешіп беруді уәде еткен. Өз қызметі үшін 15 млн теңге сұраған. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 3-бөлігі бойынша іс қозғалды.
Сонымен бірге оған полиция қызметкерлеріне қатысты өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолданды деген де айып тағылып отыр. Бұл істе полиция өкілдерінің өзі жәбірленуші болып шықты. Олар тергеушілермен бірге жазаны жеңілдету үшін түрлі қызмет ұсынып келген. Бірақ іс жүзінде рақымшылық қолдануға мүмкіндік бермейтін жағдай жасаған.
Дереккөздің айтуынша, мұның бәрі генералдың інісі Нариман Файзуллиннің басшылығымен жүзеге асқан сияқты.
Ерлан Файзуллин 1973 жылдың 1 шілдесінде туған. Ол 2019 жылдың мамырынан 2023 жылдың мамырына дейін Қарағанды облысының полиция департаментін басқарды. Ал 2023 жылдың мамыр айынан бастап Қостанай облыстық полиция департаментінің бастығы лауазымын атқарып келеді.
Соңғы жаңалықтар