ҰҚК Шекара қызметі иттердің азығына миллиардтаған теңге жұмсады
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қызметтік иттерін асырау үшін мемлекет қазынасынан қомақты қаржы бөлді. Төрт аяқты сақшыларға құрғақ азық сатып алуға бағытталған тендердің жалпы құны 3 миллиард теңгеге бағаланған, деп хабарлайды Politico.kz
Бұл ірі көлемдегі лотқа алғашқылардың бірі болып PROTENGE телеграм арнасы назар аударды. Редакциямыз мемлекеттік сатып алу порталын тексеріп, ақпараттың растығына көз жеткізді. Расында да, сайтта "ҚР ҰҚК Шекара қызметі" РММ мұқтаждығы үшін қызметтік иттерге арналған құрғақ азықты мемлекеттік сатып алу конкурсы өткені расталды.

Фото: satypalu.gov.kz
Алайда, тендердің егжей-тегжейі көпшілікке беймәлім күйінде қалып отыр. Мемлекеттік сатып алу базасында тапсырыстың нақты көлемі мен тауардың сипаттамасы ашық көрсетілмеген. Техникалық ерекшеліктің орнына порталда "қызметтік ақпаратты жарияламау туралы міндеттеме" құжаты ғана тұр. Яғни, 3 миллиард теңгеге нақты қанша және қандай сападағы азық алынғаны көрсетілмейді.

Фото: satypalu.gov.kz
Дегенмен, бұл сатып алу науқаны бәсекелестік ортада өткенге ұқсайды. Байқауға қатысуға ниет білдіргендер тізімінде 127 компанияның аты аталады. Қатысушылардың қарасының көптігі мемлекеттік бюджетті үнемдеп, бағаны төмендетуге септігін тигізуі мүмкін еді. Бірақ түпкілікті нәтиже мен нақты жұмсалған сома ашық дереккөздерде көрінбейді.
Желіде қызу талқыға түскен бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуын анықтау және ресми түсініктеме алу мақсатында редакциямыз құзырлы органдарға арнайы сауал жолдады. Қазіргі уақытта жауапты ведомстводан ресми жауап күтілуде.
Соңғы жаңалықтар