«Үш адам көз жұмды»: Алматыда елді дүрліктірген жол апатынан кейін полиция шұғыл мәлімдеме жасады

24.03.2026 16:11 Әсел Мұрат
«Үш адам көз жұмды»: Алматыда елді дүрліктірген жол апатынан кейін полиция шұғыл мәлімдеме жасады
358
Фото: видеодан скрин

Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін қалалық полиция мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Полицияның мәліметінше, Әл-Фараби даңғылында болған үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғалды.

Аталған баптың санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ZEEKR маркалы акөліктің жүргізушісі даңғыл бойымен қозғалу барысында қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, «Мерседес» автокөлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

«Күдікті дене жарақаттарын алып, қазіргі уақытта күзеттің бақылауымен медициналық мекемеде жатыр. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалатын болады», - делінген полиция хабарламасында.

Алматы полициясының хабарлауынша оқиғаға қатысы бар барлық тұлға анықталды. 

«Олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік іс жүргізу басталып, материалдар сотқа жолданды, көлік құралдары айыппұл тұрағына қойылды. Ешкім де заң алдындағы жауапкершіліктен жалтармайды. Оқиғаға қатысты бейнебақылау камераларындағы, оның ішінде жеке камералардағы жазбалар тәркіленіп, іс материалдарына тіркелді. Қазіргі таңда олар жан-жақты зерделенуде», - делінген полиция мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, жүргізушінің алкогольдік немесе өзге де мас күйде болған-болмағанын анықтау мақсатында медициналық куәландыру тағайындалды. Нәтижелері қосымша хабарланады.

«Бұдан бөлек, жүргізушіге қатысты Жол қозғалысы қағидаларын бұзудың өзге де деректері бойынша әкімшілік іс қозғалды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.Тергеу амалдары Алматы қаласы полициясының ерекше бақылауында және толық көлемде жүргізілуде», - деп атап өтті полициядағылар.

Ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, жалған мәлімет таратпауға шақырды. Кінәлі тұлғалардың барлығы заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылатыны хабарланды.

Қайғылы оқиға 21 наурыз күні болды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 009JET мемлекеттік нөмірлі Zeekr 9X көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Апат салдарынан 29 жастағы жүргізуші және 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз қаза тапты. Жол талғамайтын көліктің жүргізушісі ауыр жарақат алған: қабырғалары, жамбас сүйегі және оң аяғы сынған.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Zeekr көлігін 32 жастағы алматылық кәсіпкер Александр Пак басқарған. Оның компаниялары көлік саласында жұмыс істейді.

Осыдан кейін марқұмдардың туыстары мен жақындары тергеудің әділ жүргізілуін талап еткен болатын. 


 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий