Үш қаладағы жылу мәселесі Бектеновтің назарын аударды
Елде жылыту маусымы басталғанымен, кейбір қалалардың тұрғындары әлі де жылуға жарымай отыр. Ақтау, Павлодар және Петропавл қалаларынан жылудың дұрыс берілмейтіні немесе мүлде өшіп қалатыны туралы шағымдар түскен, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты.
Оның сөзінше, бүгінде еліміздің барлық өңірінде жылыту маусымы басталған. Жаз бойы жылу және электр желілері жөнделіп, қажетті жабдықтар ретке келтірілген. Тұрғындарға жылу бекітілген кестеге сай берілген.
Алайда соған қарамастан, шағымдар тоқтамаған.
«Тұрғындардан жылудың сапасына және оның өшірілуіне қатысты шағымдар түсіп жатыр. Атап айтқанда, Ақтау, Павлодар және Петропавл қалаларының тұрғындары осындай мәселелерді көтерді», – деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы өңір әкімдеріне жылыту маусымын қадағалайтын штабтардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Тұрғындардың шағымына жедел жауап беріп, апаттық бригадалар мен арнайы техниканы қысқы жұмысқа дайын ұстауды міндеттеді.
Бұдан бөлек, әкімдіктер халыққа қажетті көмірдің жеткілікті болуын және оның бағасының тұрақтылығын үнемі бақылап отыруы тиіс.
Ал Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, энергия нысандарындағы жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау және қажетті жабдықтардың қорын дайындау тапсырылды.
Айта кетейік, бұған дейін Семей қаласында жылу желілері уақытында дайын болмағаны үшін Бектенов Абай облысы әкімінің орынбасарын жазалауды тапсырған еді.
Соңғы жаңалықтар