"Үйден ине мен зираттың топырағын тауып алдым": Жігер Ауыпбаев алғаш рет не үшін ажырасқанын айтты

21.07.2026 23:20 Томирис САҒЫНДЫҚ
110
Фото: видеодан скриншот

«Меломан» тобының экс-солисі Жігер Ауыпбаев көптен бері көпшіліктен жасырып келген жеке өмірінің құпиясын ақтарды. Өнер иесі алғашқы некесінің бұзылуына не түрткі болғанын ашық айтып, шаңырағының шайқалмауы мен отбасын сақтап қалу жолында қандай қадамдарға барғанын бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтты.

«Әлеуметтік желідегі әрбір постымыздың астына кірсеңіз, хейтерлер көміп тастап жатады. Ондай пікірлерді де естуіміз керек шығар. Бірақ ақиқатты, ақ пен қарасын ажыратпай жатып, бірден хейт жаза беруге болмайды. Бәріміз мұсылманмыз, ақырет бар екенін ұмытпаған жөн. Арамызда отбасылық түсініспеушіліктер болды. Ол кісі де өз шешімін айтты, мен де өз сөзімді айттым. Солай екі жаққа кетуге шешім қабылдадық. Ортамызда төрт баламыз бар, заңды түрде ажырасқанымызға төрт жылдай болды. Жолдасым Замира — өте керемет адам. Төрт баланы өте жақсы тәрбиелеп отыр. Негізінде, бұл менің ғана таңдауым болған жоқ. Оған дейін де бірден басқа біреуге үйленіп кетуге болар еді, бірақ мен екі-үш жарым жылдай күттім. Ата-анасымен, жақындарымызбен де сөйлестік, арамызды жарастыруға тырыстық. Ең соңында, балаларым толыққанды отбасында өссін деген ниетпен, сыныптастарымның басын қосып, Замираны шақырдым. Барлығымыз ашық сөйлесіп, бір-бірімізден кешірім сұрап, қайта қосылуға бел байладық. Үйге көшіп келдім, балалар да қатты қуанды. Ол кезде Тараз жаққа гәстрөльдік сапарлар дайындап жүрген едім. Бірақ арада бір апта өтпей, ол қайтадан кететінін айтты», — деді Жігер Ауыпбаев.

Сонымен қатар, өнер иесі уақыт өте келе жалғыздыққа еті үйреніп, бұл күйге де бой ұсынғанын жасырмады. Сонымен бірге, арадағы қызғаныш отының да шаңырақтың шайқалуына өз салқынын тигізгенін ашық мойындады.

«Шынымды айтсам, мен де үш жылдан астам уақыт бойы жалғыз тұрып, бұл өмірге үйреніп қалған едім. Үйде қалсам, депрессияға түсіп кететіндіктен, әкімшімді алып, өңірлерді, шетелді аралап, гәстрөльде жүретінмін. Мұны "ақшам тасып бара жатқаннан" емес, үйдегі уайым мен ауыр ойдан арылу үшін істедім. Сол кезде ол маған: "Үйде тамақ жасап күтемін, ал сіз келмейсіз, мені жақсы көрмейсіз" деп жазды. Мен оған: "Қазір гәстрөльде жүрмін, оның үстіне үш жылдай бөлек тұрдық. Бастапқыда махаббат пен сезімді кейінге қалдырып, ең бастысы, балалар үшін сыйластықты орнатайық. Уақыт өте келе бәрі қалпына келеді" деп түсіндірдім. Ол да бұған келіскендей болды», —деді әнші.

Сондай-ақ өнер иесі бұл ажырасудың артында үшінші тұлғалардың да тұрғанын, отбасының шайқалуына сырттан араласқан адамдардың да әсері болғанын меңзеп, іштегі өкінішін жасырмады.

«Біз бір-бірімізді жақсы көреміз, сағынамыз, бірақ кездесе қалсақ, бір-бірімізге атыла кететін сияқтымыз. Кейіннен жалғыз тұрып жүргенімде, үйдің ішінен түрлі-түрлі нәрселер тауып алдым: төсегімнің бас жағынан, ішкиімдердің астынан себілген тұздар, пердеге тығылған, басы күйдірілген инелер, паластың астына шашылған зираттың топырағы сияқты заттар шықты. Келіншегімнің қызғаншақтығы бар еді. Кейін ол өзі де соған жеткізгенін мойындады. Біздің отбасылық бақытымызды көре алмаған адамдардың сиқырлап жасаған арам ойы іске асты ма деп ойлаймын...» — деп өкінішін жеткізді Жігер Ауыпбаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий