Wildberries-тегі шабуылдар қазақстандық кәсіпкерлерге 1,5 млрд теңге шығын әкелді
Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдар қазақстандық кәсіпкерлерге де айтарлықтай зиянын тигізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала есеп бойынша, қазақстандық сатушылардың шығыны 1,5 млрд теңгеден асты.
Қазақстан селлерлері қауымдастығының мәліметінше, бірлестік құрамындағы 250 кәсіпкердің 150-ден астамы қоймалардағы өрт пен қираудан тікелей зардап шеккен. Жеке кәсіпкерлердің шығыны 300 мың теңгеден 200 млн теңгеге дейін жеткен.
Қауымдастық төрағасы Хамит Қашықовтың айтуынша, Wildberries 2026 жылғы 7 шілдеде жария офертасын жаңартып, терактілер мен дрон шабуылдары салдарынан тауар бүлінген немесе жойылған жағдайда қаржылық жауапкершілікті өз мойнына алмайтынын көрсеткен. Сонымен қатар, сатушылардың жеке кабинеттерінен кейбір тауарларға қатысты мәліметтердің жоғалып кеткені айтылды.
Кәсіпкерлер өтемақыдан қағылып қаламыз ба деп алаңдаулы. Осыған байланысты Қазақстан селлерлері қауымдастығы мәселені шешу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына және Сауда және интеграция министрлігіне жүгінді. Қазіргі таңда министрлік Wildberries басшылығына ресми сауал жолдаған.
Соңғы жаңалықтар