Ақберен Елгезек: Мен өлімнен қорықпаймын, Аллаға асығамын
Танымал ақын Ақберен Елгезек Жаратқанды тек қиын-қыстау сәттерде емес, қуанышты да бақытты күндерде де үнемі еске алып, шүкіршілік етудің маңыздылығына тоқталды. Ақынның айтуынша, басың аман, бауырың бүтін кезде айтылған шүкірлік — адамның рухани қоры әрі қиын сәттерде дұғаның қабыл болуына септігін тигізер үлкен сүйеніш, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол «Әңгіме бар» подкастында айтты.
«Адамның бойындағы кейбір әрекеттер — бұл әлі толық түзеліп, тәрбиеленбегендіктің көрінісі. Дегенмен, қорқыныш арқылы болса да Жаратқанды еске алу — Алланың рақымы. Бұл — Оның сені Өзіне еске алдыртып тұрғаны. Салыстырмалы түрде алғанда, мұндай адам Алланың назарында жаман емес. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Жағдайың жақсы кезде Аллаға көп шүкіршілік айт» деген хадисі бар. Жағдайың жақсы, қаржың жеткілікті, бала-шағаң аман-есен, өзің де амансың, денсаулығың мықты болып, бәрі оңнан келген сәтте көбірек шүкіршілік ету керек. Ал енді тек қиналғанда ғана Алланы еске алу — Жаратқанның алдында ұят нәрсе. Тіпті жақсы кезде шүкір етіп жүрсең, қиын-қыстау сәттерде айтылған дұғаң қабыл болады. Жақсылықта айтылған шүкіршілік — адам үшін рухани депозит, Алланың алдында жиналған бонус сияқты. Сенің шаруаң тез шешіледі», — деді Ақберен Елгезек.
Сонымен бірге ол өлім ұғымына қатысты да ой өрбітті. Ақын өлімді ақырғы нүкте емес, мәңгілік әлемге өтер рухани сапар мен Жаратқанның дидарымен қауышар ерекше сәт ретінде қабылдайтынын жеткізді.
«Өткенге ешқандай өкінішім жоқ. Неге өкінуім керек? Бұл — Алланың тағдыры, ал мен Оған тиесілімін. Мен күнделікті Құдайдан кешірім сұраймын, «ылғи истиғфордамын». Адам болған соң біліп те, білмей де күнә жасап қоямыз. Біреуден арнайы кешірім сұрау керек деп ойламаймын, өйткені әркімнің тағдырына жазылған өз жолы бар. Дегенмен, байқамай жүрегіне тиіп кеткен, режіткен адамдарым болса, олардың бәрінен іштей, күнделікті кешірім сұраймын. Өлімнен қорқпаймын. Бұрын қорқатынмын, ал қазір ойым өзгерді. Мен Аллаға асығамын. (...). Өмір бұнымен тоқтап қалмайды, адам тек бір қалыптан екінші қалыпқа өтеді. Ол жақта әулие-әнбиелер, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бар. Соларды көргім келеді. Алла Тағаланың мейірімі соншалықты шексіз, адам өзінің қалай өтіп кеткенін, тіпті өлімін де байқамай қалуы мүмкін. Біз көбіне физикалық ауырсынудан, белгісіздіктен қорқамыз. Ал шын мәнінде өлім — бұл жай ғана бір есікті ашып, келесі әлемге өтіп кету», — деді ақын.
Соңғы жаңалықтар