Ыстамбұлда 26 жастағы қазақстандық қыз жұмбақ жағдайда қаза тапты
Түркияның Ыстамбұл қаласында Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
26 жастағы қыз көрші ғимараттың шатырына өтіп, биіктіктен құлаған. Оның неліктен шатырға шыққаны әзірге белгісіз.
Қайғылы оқиға 25 қазан күні таңғы сағат 08:00 шамасында Шишли ауданының Эргенекон шағынауданында болған. Түркиялық БАҚ-тың алдын ала мәліметінше, қазақстандық қыз алтыншы қабаттағы пәтердің балконына шығып, сол жерден көрші ғимараттың шатырына өткен.
Кейін ол шатырдың ортасына қарай жүрген. Болжам бойынша, қыз бос кеңістіктің үстіне орнатылған жабынға басқан. Алайда құрылым оның салмағына шыдамай, ол ғимараттың екінші жерасты қабатына құлап кеткен. Алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен. Дәрігерлер қызды тексергенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Түркиялық ақпарат құралдарының жазуынша, оқиға кезінде қыздың үстіндегі киімі толық болмаған. Оның қандай жағдайда шатырға шыққаны және сол сәтте не болғаны әзірге анықталған жоқ.
Марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін тиісті мекемеге жеткізілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу Бекмаханова Түркияға 2026 жылдың қыркүйегінде визасыз режиммен келген. Ол Ыстамбұлға Ресей азаматы болып саналатын қызбен бірге барған және екеуі бір пәтерде тұрған деген ақпарат бар.
Қазір құқық қорғау органдары қазақстандық қыздың өліміне әкелген жағдайларды анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар