Заңгер Құрылтайға әншілердің сайлануы туралы: Халық тек жиіркенішпен қарап отыр

22.07.2026 16:52 Томирис САҒЫНДЫҚ
Заңгер Құрылтайға әншілердің сайлануы туралы: Халық тек жиіркенішпен қарап отыр
43
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Белгілі заңгер, құқық қорғаушы Нұрсұлтан Орынбек Құрылтай құрамына заң білімі жоқ өнер иелері мен блогерлердің өтуіне қатысты пікір білдірді. Сарапшының пайымдауынша, бүгінде ел азаматтары саяси алаңда тек өз саласын теңдессіз меңгерген білікті мамандардың болғанын талап етеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы заңгер "Адал Адам" подкастында айтты. 

«Халықта қазір мұндайға сұраныс жоқ, біз ол кезеңнен өтіп кеттік. Халық бұл тақырыпқа тек жиіркенішпен қарап отыр: «Бұны не істейсіңдер?» — дейді. Ол деңгейде қоғамның сауаты артты. Бізге сұраныс емес, саяси бағдарламасында нақты әрекет, нақты жұмыс және партияның не бере алатынын көрсету керек. Сондықтан бұл жерде әнші немесе блогер көмектесе алмайды. Мейлінше азаматтарға берілетін мүмкіндік пен берген уәдесінде тұра алуы маңызды. Сайлауға келетіндердің ішіндегі көбінің талабы — «Уәдесінде тұра ала ма, қандай уәде береді және қандай мәселелерді қозғай алады?» деген сауалдар. Сондықтан, әрине, бәріне тек негативті көзқараспен қарауға болмайды. Арасында өз саласының майталмандары, білікті мамандары бар, оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ сондай танымал тұлғалардың көлеңкесінде басқа да лайық кандидаттарды ұмытып кетпеуіміз керек. Оларға да қойылатын қоғамның талабы жоғары болуы тиіс», — деді Нұрсұлтан Орынбек.

Одан әрі заңгер кезінде ресми мінберді пайдаланып, туыстарына құттықтау арнаған депутаттардың іс-әрекетін мысал ретінде атап өтті.

«Кезінде шулап жүріп, Құрылтай туралы заңға өзгерістер енгіздік. Яғни, депутат өз мандаты мен өкілеттілігі аясында жеке мәселелерін, лоббиді, болмаса бұрынғы ағаларымыз сияқты туыстарын құттықтауды шешуге жол бермейді, ол заң аясында шектеледі. Бұл неден туындады? Бұл — қоғамның талабынан, «канселингтен» туындаған дүние. Сондықтан әлі де босаңсымауымыз керек», — деді құқық қорғаушы.

Нұрсұлтан Орынбектің пайымдауынша, Құрылтайға ең алдымен заңгерлер мен экономистер сияқты өз саласының кәсіби мамандары сайлануы қажет.

«Құрылтайға жаңа адамдар, жаңа есімдер келіп жатыр. Жақында бір жақсы пікір естідім: «Құрылтай — барып дайындалатын жер емес, оған дайын бару керек. Белігілі бір мәселенің майын ішкен азаматтар баруы тиіс». Сол кезде ғана халықтың көңілі толады. Бұл — тәжірибе немесе бедел жинайтын алаң емес. Ол жерде мемлекеттің «А корпусындағы» мемлекеттік қызметші болып, заң шығарасың. Заң — оңай-осал дүние емес. Бір заңды немесе Конституцияны өзгерту үшін қаншама уақыт, қаражат пен әрекет керек. Сондықтан ол жерде мейлінше мамандар отыруы тиіс. Тек заңгерлерді айтып отырған жоқпын: экономистер, қаржыгерлер, ауыл шаруашылығы немесе су шаруашылығы сияқты әр саланың өз мамандары отыруы керек. Өйткені олар бұл мәселелерді іштей жақсы біледі. «Үш қазақтың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» дегендей, Құрылтайға жиналғанда төр заңгердікі болуы керек. Өйткені ол — заң шығарушы орган. Егер қандай да бір ұсыныс немесе бастама көтергісі келсе, консультативтік орган — Халық кеңесіне барсын. Болмаса әлеуметтік желіде де мәселені айта беруге болады. Ал «Маған мандат керек» дейтін болса, ол міндетті түрде заңгер болмаса да, заңдық білімі мен заңнан хабары бар адам болуы тиіс», — деді Нұрсұлтан Орынбек.

Войдите, чтобы оставить комментарий