«Жағдайды ушықтырмаңыздар»: Ербаян Мұхтардың қазасынан кейін депутат әскер туралы күтпеген пікір айтты
Қазақстанда мерзімді әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт өмір үшін күрескен Ербаян Мұхтардың қайтыс болуы қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи әскердегі қайғылы оқиғаларға қатысты өз пікірін білдірді.
Депутаттың айтуынша, Ербаянның қазасы өкінішті болғанымен, қоғам бұл жағдайды «шамадан тыс ушықтырмауы» керек. Оның сөзінше, қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр және нақты қорытындыны құқық қорғау органдары шығаруы тиіс.
«Менің көзқарасым өзгерген жоқ. Бізде, әсіресе жастар арасында, отансүйгіштік болуы керек. Әрине, мұндай жас әрі мықты жігіттің қайтыс болғаны – ауыр жағдай. Бірақ бұл оқиғаны тым ушықтыра беруге болмайды. Тергеу шындықты анықтайды», – деді депутат.
Сондай-ақ Ермұрат Бәпи әскердегі осындай оқиғаларды біржақты көрсетпей, байыппен жариялау қажет екенін айтты. Оның пікірінше, әскери қызмет туралы жағымсыз ақпараттың жиі таралуы жастардың әскерге баруға деген ынтасын төмендетуі мүмкін.
Еске салайық, Ербаян Мұхтар әскери қызмет кезінде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт ем қабылдаған еді. Оның қайтыс болуы қоғамда Қарулы күштердегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты қызу пікірталас туғызды.
Соңғы жаңалықтар