«Балаларымды қамтамасыз етіп келемін»: Жұмабек Жанықұлов бұрынғы жұбайының мәлімдемесіне жауап берді
Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлованың әлеуметтік желідегі видеоүндеуіне алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, бұрынғы жұбайының жарияланымынан кейін журналистер өзінен жағдайға қатысты түсініктеме сұрай бастаған.
«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан барлық даулы мәселелер әлеуметтік желіде емес, сотта шешілуі керек. Сот процесі жүріп жатқанда әлеуметтік желі арқылы сотқа қысым көрсету дұрыс емес деп есептеймін», – деді кәсіпкер.
Жұмабек Жанықұлов қазіргі таңда сотта бұрынғы жұбайының неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану жөніндегі талап-арызы қаралып жатқанын растады. Оның сөзінше, бұл құжаттарға үш жылдан астам уақыт бұрын екі тарап та өз еркімен қол қойған.
Сондай-ақ кәсіпкер барлық құжаттардың нотариус қатысуымен және екі тараптың адвокаттарының қатысуымен рәсімделгенін айтты.
Ол бұрын жасалған келісімдер бойынша өз міндеттемелерін толық орындап жатқанын және балаларын материалдық жағынан қамтамасыз етуді жалғастыратынын жеткізді.
«Балаларымызбен қарым-қатынасым өте жақсы. Оларды қамтамасыз етіп келемін және алдағы уақытта да сүйіспеншілікпен қолдай беремін», – деді ол.
Сөз соңында Жұмабек Жанықұлов қоғам мен әлеуметтік желі қолданушыларын отбасылық дауға араласпауға шақырып, мұндай жариялылық ең алдымен балалардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Еске салайық, бұған дейін Жанна Жанықұлова Алматы қаласының ювеналды сотында неке шарты мен алимент төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану ісі қаралып жатқанын мәлімдеген болатын. Сот процесі әлі жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар