Жамбылда көлігінен 300 мың теңге пара табылған полицей сотталды

28.08.2026 14:35 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жамбылда көлігінен 300 мың теңге пара табылған полицей сотталды
150
Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысында тергеу бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 9 млн теңге көлемінде ірі айыппұл салынды. Бұл туралы Байзақ аудандық сотының 2026 жылғы 27 тамыздағы үкімінде жазылған, деп хабарлайды Politico.kz.

Судья Ерғазы Тілеубеков төрағалық еткен сот отырысында Байзақ ауданы полиция бөлімі бастығының тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары қызметін атқарған Талғат Сәрсеновке қатысты үкім кесілді. Ол Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі (пара алу) бойынша айыпты деп табылды.

Сот шешімімен экс-полицейге параның 30 еселенген мөлшерінде, яғни 9 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар ол «подполковник» арнаулы шенінен және өмір бойына мемлекеттік қызметте, сот жүйесінде, Ұлттық банк пен квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.

Іс материалдарына сәйкес, жедел уәкілдер сотталушының көлігін және іске қатысы бар өзге тұлғаларды тінту барысында жәбірленуші Е. Тастанбековтен пара ретінде алынған 300 мың теңгені тәркілеген. Арнайы химиялық өңдеуден өткен бұл ақша номиналы 20 мың теңгелік 20 купюрадан тұрған және оларда «пара» деген жазу болған. Дәлелдемелер тізіміне сотталушы мен жәбірленуші арасындағы жасырын аудиожазбалар да енді.

Алайда үкімде Сәрсеновтің бұл ақшаны нақты қандай әрекеті үшін алғаны жазылмаған.

2026 жылғы 31 шілдеден бері қамауда отырған Сәрсенов үкім оқылған соң сот залынан бірден босатылды. Оған 9 млн теңге айыппұлды өз еркімен өтеу үшін 1 ай уақыт берілді. Белгіленген мерзімде қаражат төленбесе, жаза бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылады.

Бұдан бөлек, сотталған экс-офицер Жәбірленушілерге өтемақы қорына 86 500 теңге және сот-сараптама шығындары ретінде 34 479 теңге төлеуге міндеттелді.

Бұл үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар 15 тәулік ішінде Жамбыл облыстық сотына апелляциялық шағым түсіре алады.

Войдите, чтобы оставить комментарий