Жаңақорғанда 20 жастағы жігіттің денесі құдықтан табылды: 15 жастағы інісі күдікке ілінді
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында бірнеше күн бұрын із-түзсіз жоғалған 20 жастағы жігіттің денесі құдықтан табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиғаға қатысты адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, Мейіржан есімді жас жігіт түнде үйінің ауласына төсек салып ұйықтаған. Таңертең жақындары оның орнында жоқ екенін байқап, өздері іздеуге кіріскен.
Бір тәуліктен кейін оның мәйіті үйінен шамамен 400 метр қашықтағы су құбырының құдығынан табылған.
Туыстары марқұмның денесінен көгерген іздер болғанын және мойнынан жіпке ұқсас белгі байқалғанын айтқан. Кей ақпаратта оның денесі көрпеге оралған күйде табылғаны көрсетілген.
Қылмысқа күдікті ретінде марқұмның 15 жастағы туған інісі ұсталған. Жасөспірім сот санкциясымен қамауға алынған.
Алайда марқұмның ата-анасы бұл нұсқамен келіспейді. Олардың сөзінше, ұлының ағасына зиян келтіруі мүмкін екеніне сенбейді. Бұған қоса, отбасы бұған дейін үйден ақша жоғалғанын айтып, оқиғаға басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деген болжам жасаған.
Қазір іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қайғылы оқиғаның нақты себептері мен марқұмның өліміне кімнің қатысы барын тергеу анықтайды.
Соңғы жаңалықтар