Жанель Мақажан: Күйеуіңізді тұғырға қондырып, бірінші орынға қоймаңыз

17.09.2026 18:17 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жанель Мақажан: Күйеуіңізді тұғырға қондырып, бірінші орынға қоймаңыз
147
Фото: instagram.com/janellemakajan/?hl=ru

Актриса Жанель Мақажан әлеуметтік желіде оқырман арасында қызу талқыланып жатқан жеке өміріне қатысты пікір білдірді. Ол жұбайы екеуінің арасында қиын кезең өтіп жатқанын растап, отбасылық қарым-қатынастағы жағдайға тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы актриса "ПО ФАКТУ с Жанэлей Тахтай" подкастында әңгімеледі. 

«Суреттер жалғыз менде емес, күйеуімнің парақшасынан да өшті. Бұл, білесің бе, қазіргі сәтте жабық тақырып. Біз қазір терең отбасылық дағдарысты бастан өткеріп жатырмыз. Бәрі анықталғаннан кейін... Негізі оқиғаның қайда бара жатқанын іштей түсініп отырмын, сосын сәл кейінірек бұл туралы бөлісе бастаймын. Сондай-ақ, әйел адам не істеуі керек, не істемеуі керек екені туралы да айтатын шығармын. Бұл біреуге ақыл айту не кеңес беру емес, жай естелік ретінде өзімнің бастан кешкен тәжірибеммен бөлісу болады», — деді Жанель Мақажан.

Өнер иесі некедегі қиындықтарға екі жақтың да жауапты екенін атап өтті. Сондай-ақ ол жас айырмашылығы мен бұған дейінгі отбасылық тәжірибелердің қарым-қатынасқа әсерін жасырмады.

«Әрине, өз қателіктерімді көріп тұрмын. Әйтеуір жалғыз адам ғана кінәлі болатын жағдай болмайды. Бұл — әрдайым екі тарапқа да қатысты мәселе. Сұрағыңа келсек, оңай болған жоқ дер едім. Өйткені мұнда балалар бар, әрі өзіңнен 8 жас кіші күйеуің бар. Яғни, біз өте ұзақ әрі терең жұмыс істеген тұстар болды. Екінші рет отбасын құруда екі тараптың да өзіндік жағымсыз тәжірибеден өткен кезеңдері кездесті. Дегенмен, өте бақытты сәттеріміз де болды, мұндай қуанышты шақтар негізі өте көп еді. Балалар да көбіне сондай бір ыстық, жағымды сәттерді жиі еске алады», — деді актриса.

Сұхбат барысында актриса отбасындағы құндылықтар мен мүшелердің орны туралы өз пайымын бөлісті. Оның пікірінше, отбасылық үйлесімділік ең алдымен осы иерархияның дұрыс сақталуына байланысты.

«Қыздарға айтар кеңесім: ең алдымен, күйеулеріңізді тұғырға қондырмаңыздар, бірінші орынға қоймаңыздар. Өйткені бірінші орында тек Жаратушы тұруы керек. Әрбір адамның өмірінде ең биік орында тек Жаратқан болуы тиіс. Біз осы иерархияны шатастырып, алдымен Жаратушыны, содан соң өзіңді, кейін барып күйеуіңді, сосын балаларды, содан кейін барып ата-ананы қоюдың орнына жүйені бұзсақ — бәрі қирайды. Немесе, кейбіреулер сияқты: Жаратушы, содан соң ата-ана, кейін достар немесе балалар, ал ең соңында әйелі тұратын болса — бұл да толықтай дисбаланс», — деді Жанель Мақажан.

Жанель Мақажан бұрынғы және қазіргі некеден тараған балалардың құқығы мен отбасы мүшелері арасындағы дұрыс қарым-қатынас ретін түсіндіріп өтті.

«Кейбір қыздардың тіпті күйеуі болса да, осы ретті түсінбейді. Күйеуін ата-анасынан жоғары қойса — бұл қалыпты, бұл дұрыс. Ал ата-анасын немесе балаларын күйеуінен жоғары қойса, бұл дұрыс емес. Егер бірінші некеден балаларың болса, олар, әрине, күйеуіңмен тең дәрежеде болуы керек. Күйеуіңнің негізгі маңызды шешімдері бірінші тұрады, ал қауіпсіздікке келгенде — балаларың саған аманат. Ол аманат күйеуіңе емес, саған берілген, сондықтан олар үшін сен жауаптысың, оларды төмен қоя алмайсың. Ал ортақ балалар болғанда, жүйе былай өрбиді: ең алдымен — Жаратушы, сосын — күйеуің, содан кейін — ортақ балаларыңыз, ең соңында — ата-аналар тұрады. Байқап қарасам, көбінде отбасылық мәселелердің бәрі осы иерархияның бұзылуынан туындайды екен. Бұл — шынымен де өте үлкен әрі маңызды мәселе», — деді актриса.

Войдите, чтобы оставить комментарий