Жанель Мақажан: Орамалды шешкенде қатты қиналдым, түбінде оралғым келеді

17.09.2026 17:53 Томирис САҒЫНДЫҚ
Жанель Мақажан: Орамалды шешкенде қатты қиналдым, түбінде оралғым келеді
138
Фото: видеодан скриншот

Қазақстандық актриса Жанель Мақажан орамал тағу және оны шешу шешіміне қатысты ішкі толғанысын бөлісті. Өнер иесі бұл қадамның өзі үшін оңай болмағанын және бұл шешімнің астарында қандай себептер жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы актриса "ПО ФАКТУ с Жанэлей Тахтай" подкастында әңгімеледі. 

«Білесің бе, жалпы орамал тақырыбы мен үшін өте терең, өте ауыр. Өйткені оны шешу керек болған сәт келгенде, бұл жағдайды өте қиын бастан өткердім — бір, бір жарым, тіпті екі айдай қиналдым. Арым қатты мазалады, қатты жаным ауырды, сағындым. Ары да емес, бері де емес, екі ортада екіұдай күйде жүргенімді де түсіндім», — деді Жанель Мақажан.

Сонымен қатар өнер иесі орамал шешу шешімін эмоцияға баламайтынын, мұндай психологиялық жағдайларға адамның ішкі эгосы мен өтелмеген қажеттіліктері де әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

«Бұл эмоциямен жасалды немесе тағы басқа деп айтқым келмейді. Өйткені бұл — Жаратушының маған сыйлаған сондай қасиетті ғажайыбы еді, оны өзімнің қандай да бір ақымақтығымнан ұстап қала алмаған сияқтымын. Себебі қыздардың орамалдың кесірінен өздерін жоғалтып жатқанын естігенде: "Жоқ, бұл орамалдан емес шығар" деп ойлаймын. Бұған бір жағынан нәпсі, бір жағынан эго, ал кейде өзіміздің өтелмеген ішкі қажеттіліктеріміз себеп болып, бізді билеп алатын сияқты», — деді актриса.

Өнер иесі қазіргі жай-күйін сипаттай келе, бұл шешімнің өзіне толыққанды жеңілдік әкелмегенін айтады. Ол болашақта бұл қадамға қайтадан тереңірек әрі саналы түрде келуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Яғни, мен қазір керемет, жақсырақ немесе бақыттырақ болып кеттім деп айта алмаймын — жоқ. Мен кез келген жағдайда жанымның түкпірінде оған қайта оралғым келеді. Бұл жолы, бұйырса, саналы түрде, әрі терең түсінікпен ораламын деп үміттенемін», — деді Жанель Мақажан.

Войдите, чтобы оставить комментарий