Жарылыс болған «Казцинк» зауыты ресми жауаппен шықты
Өскемен қаласындағы «Қазцинк» зауытында жарылыс болып, салдарынан 2 жұмысшы көз жұмып, 5 адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бүгін таңертең аталған кәсіпорынның аумағында төтенше жағдай болды. Оқиға орнына барған құтқарушылар өртті толықтай өшірді, ал қазір Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары қираған құрылыс нысандарын аршып жатыр.
Бұл туралы қазақстандық тау-кен металлургиялық «Қазцинк» компаниясы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Алдын ала мәліметке сүйенсек, қайғылы жағдай металлургиялық алаңда түтін сорғышты тазалау жұмыстары кезінде болған.
«Түтін сорғышты тазалау барысында тарс еткен қатты дыбыс шығып, арты өртке ұласты және құрылғының бір бөлігі опырылып түсті. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деп мәлімдеді компания.
Оқиғаның мән-жайын толық әрі жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Кәсіпорын басшылығы марқұмдардың отбасыларына көңіл айтып, оларға материалдық және психологиялық көмек берілетінін жеткізді.
Сонымен қатар жауапты органдар қоршаған ортаға тиген зиянды бағалап жатыр, мамандар ауаға шаң-тозаң тарағанымен қауіпті заттардың шекті мөлшерден аспағанын растады.
Соңғы жаңалықтар