«Жас ұрпаққа жоспар емес, қуатты Қазақстан қалдыруымыз керек»: Тоқаев мәлімдеме жасады
Келешек ұрпаққа құр уәде мен қағаз жүзіндегі жоспар емес, экономикасы қуатты, ғылымы мен технологиясы дамыған Қазақстанды қалдыруымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осындай міндет қойды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысы әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан саяси реформаларды жүзеге асырып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты.
– Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс, – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, ендігі басты міндет – ел егемендігін нығайтып, әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан ішкі тұрақтылықты сақтау және экономиканы дамыту.
– Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл мақсатқа жету үшін тек билік өкілдері емес, бүкіл қоғам еңбек етуі керек екенін атап өтті. Әсіресе, білімді, белсенді әрі отаншыл азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.
– Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау органдарының жұмысы да ерекше маңызды екенін айтты.
Президенттің сөзінше, қазіргі ұрпақтың алдында тұрған міндет тек реформалар жүргізумен шектелмейді. Ең бастысы – олардың нәтижесін келесі ұрпаққа қалдыру.
– Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек, – деді Президент.
Тоқаев мұны бүкіл ұлттың алдында тұрған стратегиялық міндет деп атады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар