Жаслан Мәдиев вице-премьер – Жасанды интеллект министрі болып тағайындалды

03.09.2026 10:38 Қарақат АСЫЛОВА
Жаслан Мәдиев вице-премьер – Жасанды интеллект министрі болып тағайындалды
270
Фото: invest.gov.kz

Жаслан Мәдиев қайтадан Қазақстан үкіметі басшысының орынбасары қызметіне бекітілді, деп хабарлайды Politico.kz.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі лауазымына тағайындалды», - делінген Ақорданың хабарламасында.

Президент жарлығы шықпас бұрын бұл шешімді Қазақстан Республикасының Құрылтайы қолдады. Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің отырысында депутаттар Мәдиевтің кандидатурасына толық келісім берген.

Талқылау «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабына сай өтті. Нәтижесінде комитет мүшелері ұсынылған кандидатураны осы лауазымға тағайындауға болады деген қорытынды қабылдады.

Жаслан Мәдиев кім?

Жаңа министр – Жаслан Хасенұлы 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. Одан кейін АҚШ-тағы Колумбия университеті мен Массачусетс технологиялық институтының магистратурасын тәмамдаған.

Мәдиев еңбек жолын 2007 жылы Лондонда бастады. Ол «Morgan Stanley» инвестициялық банкінің бағалы қағаздар және облигациялар саудасы департаментінде жетекші трейдер болды.

Әр жылдары Президент Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығында сарапшы қызметін атқарған. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорында Қазынашылық департаментінің директоры болды.

Бұдан бөлек, «Kazyna Capital Management» және «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамдарында басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарды. Ұлттық банк директорының монетарлық операциялар және активтерді басқару жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.

Ол Премьер-министрдің кеңесшісі қызметін де атқарған. Сонымен қатар Ұлттық банк пен «Қазақстан темір жолы» АҚ құрылымында түрлі басшылық лауазымдарда болды.

2020-2022 жылдары Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал 2022 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі болды.

Шенеунік 2022-2024 жылдар аралығында «Binance Kazakhstan» компаниясының бас менеджері ретінде жұмыс істеді. 2024 жылдың 6 мамырында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне келді.

Мәдиев вице-премьер – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі лауазымына алғаш рет 2025 жылдың 29 қыркүйегінде бекітілген. 2026 жылғы 3 қыркүйектегі жарлықпен ол осы жоғары қызметке қайта тағайындалып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий