Жастар Алматы тұрғындарына жолақы төлеуге шақырды

Алматының қоғамдық көліктері күрделі қиындықтарға тап болды: кестеден ауытқитын, толып тұрған және кейде жылжымайтын автобустар қала тұрғындарының күнделікті өмірінде қалыпты жағдайға айналып барады. Мұндай мәселелердің басты себептерінің бірі — билетсіз жүретін жолаушылар санының артуы. 2024 жылдың бір ғана айында «қояндар» саны 60%-ға өскен.
«Зайцам – НЕТ!» қоғамдық қозғалысы бұл жағдайға алаңдап, жолаушыларды жолақы төлеуге шақыру мақсатында науқан бастады. Ұйымның пікірінше, бұл мәселе тек адалдық пен жауапкершілік қана емес, сондай-ақ қаланың көлік жүйесін дамытуға ықпал ету мәселесі болып табылады.
Жолақыдан түскен қаражаттың арқасында қоғамдық көліктер жөндеуден өтеді, тазалық пен жайлылық деңгейі артады, ал қызмет көрсету сапасы жақсарады. Алайда билетсіз жүретін жолаушылардың көбеюі көлік инфрақұрылымының сапасын төмендетіп, Алматының қоғамдық көліктерін дағдарысқа ұшыратуы мүмкін.
Жүйелі рейдтер барысында жолаушылардың түрлі сылтауларын естуге болады: «Енді ғана кірдім», «Төлеуді ұмытып кеттім», «Телефонымның қуаты жоқ». Ал кейбіреулер тіпті көлік сапасының төмендігін алға тартып, төлем жасаудан әдейі бас тартады. Бірақ мұндай жағдайлардың шешімі жолақы төлеуден басталатынын түсінетіндер аз.
Жастар Алматылықтарға үндеу жасады:
Қала тұрғындарын қоғамдық көлікте жолақы төлеуге шақырамыз. Себебі әр төленген билет — таза, заманауи және жайлы автобустарды қамтамасыз етуге жасалған нақты қадам. Төлем жасаған адам ғана талап етуге құқылы. Ал төлем жасамайтындарға балама әрқашан бар: жаяу жүру.
Соңғы жаңалықтар




