Жайықтағы қайғылы өлім: 14 жастағы Мерлан ісі неге жабылды?

14.04.2026 13:11 Мөлдір Талғат
Жайықтағы қайғылы өлім: 14 жастағы Мерлан ісі неге жабылды?
257
Фото: ашық дереккөз

Атырау қаласында Жайық өзеніне батып көз жұмған 14 жастағы Мерлан Сананың отбасы қылмыстық істің қысқартылуына наразылық білдірді. Марқұмның туыстары Бас прокуратурадан істі қайта қарап, оқиғаны қасақана әрекет ретінде тергеуді талап етуде. Бұл туралы Politico.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Отбасы әділ тергеу талап етеді

Қайғылы жағдайдан кейін қара жамылған отбасы кінәлілердің жазасыз қалғанына алаңдаулы. Олардың айтуынша, жүзе алмайтын жасөспірімді жоғары сынып оқушылары әдейі суға итеріп жіберген.

Марқұмның анасы Анаргүл Қасантаева екі жылдан бері түрлі құзырлы органдарға жүгініп, әділдік іздеп келеді. Ол сараптама тағайындалып, істің жан-жақты әрі әділ қаралуын сұрайды.

«Қылмыстық істі 104-баптан 99-бапқа ауыстырып, қайта қарауды талап етемін. Баламды әдейі суға итергендерін дәлелдейтін жазбалар бар. Барлық дәлелдер бойынша толық сараптама жүргізілсін», – дейді анасы.

Қоқан-лоқы фактілері айтылды

Анасының айтуынша, күдікті жасөспірімдер марқұмның әпкесіне де қысым көрсеткен. Оқушы қыз күйзеліске түсіп, ұзақ уақыт мектепке бара алмаған.

«Қызым қатты қорқып қалды. “Келесі кезек сенікі” деп қорқытқаннан кейін бір жыл бойы сабаққа барған жоқ», – дейді ол.

Адвокат: дәлелдер жеткілікті

Жәбірленуші тараптың адвокаты Инга Иманбай істі қайта қарауға толық негіз бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиғаны қасақана әрекет ретінде саралауға жеткілікті айғақтар жиналған.

«Біз Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша іс қозғауды талап етеміз. Баланы әдейі итергенін дәлелдейтін материалдар бар», – деді адвокат.

Полиция істің тоқтатылуын түсіндірді

Атырау облыстық полиция департаменті қылмыстық істің «абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша тіркелгенін хабарлады. Тергеу барысында барлық тұлғалар анықталып, сараптамалар жүргізілген.

Алайда күдікті ретінде танылған жасөспірімнің жасы қылмыстық жауапкершілікке жетпегендіктен, іс тоқтатылған. Құзырлы органның мәліметінше, істі қайта тергеу мәселесін прокуратура қарайды.

Қайғылы оқиға қалай болды?

Оқиға 2024 жылдың тамыз айында Жайық өзенінің жағасында болған. Туыстарының сөзінше, жоғары сынып оқушылары Мерланның жүзе алмайтынын және көру қабілетінің әлсіз екенін біле тұра, оны суға итерген.

Мерлан Сана – отбасының кенжесі, екі әпкесі бар. Ол сабақты жақсы оқып, болашақта құқық қорғау саласында қызмет етуді армандаған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий