Жетісуда заңсыз қазба жасаған Қытай зауытына 264 млн теңге айыппұл салынды
Жетісу облысында «Alacem» ЖШС заңсыз пайдалы қазбалар өндіру фактісі бойынша жауапкершілікке тартылып, 264 221 676 теңге көлемінде айыппұл арқалады, деп хабарлайды Politico.kz сайты HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.
Кәсіпорын бірнеше жыл бұрын өңірдің құрылыс саласын дамыту аясында іске қосылған. Зауыт әктасты өңдеп, цемент өндірумен айналысады. Алайда оның қызметі бұған дейін де жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызған. Тұрғындар шаң-тозаң, жолдардың бұзылуы және қоршаған ортаға келетін зиян туралы шағымданған.
Жетісу облысының экология департаменті мен мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, компания 2022 жылы берілген лицензияға қарамастан, әктас өндіру жұмыстарын рұқсат етілген аумақтан тыс жерлерде жүргізген.
Сараптама нәтижесінде заңсыз өндірілген шикізат көлемі 90 611 текше метрді құрағаны анықталды.
Сот барысында қорғау тарапының дәлелдері қабылданбады. Атап айтқанда, мердігер ұйым ұсынған материалдар тиісті сертификаттың болмауына және түсірілім форматының сәйкес келмеуіне байланысты есепке алынбаған. Сондай-ақ компания тарапынан дұрыс топографиялық деректер ұсынылмаған.
Нәтижесінде сот «Alacem» ЖШС-ін кінәлі деп танып, келтірілген шығын көлемінің 100 пайызы мөлшерінде айыппұл салды. Жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот шешімі 30 күн ішінде шағым жасалмаған жағдайда заңды күшіне енеді.
Соңғы жаңалықтар