Жезқазғанда «Қазақмыс» кеніштерін дамытудың жаңа инвестициялық стратегиясы талқыланды

11.02.2026 10:30 Арман Ермеков
Жезқазғанда «Қазақмыс» кеніштерін дамытудың жаңа инвестициялық стратегиясы талқыланды
2
Фото: «Қазақмыс корпорациясы»

«Қазақмыс» корпорациясы Жезқазғандағы кеніштердің еңбек ұжымымен кездесу өткізіп, өндірісті дамытудың жаңа стратегиясын талқылады. Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров Қаныш Сәтбаев атындағы Жезқазған тау-кен өндірісіне қарасты Оңтүстік, Шығыс және Батыс кеніштерінің қызметкерлерімен арнайы көшпелі жиын өткізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Басқосу барысында еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік әлеуетті арттыру мәселелері көтеріліп, аймақтардың болашақтағы даму жоспары таныстырылды. Еңбекті қорғауға ерекше назар аударылып, өндірістік тәуекелдерді азайту жолдары қаралды. Биылдан бастап қолға алынған жаңа стратегияға сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әрбір жұмысшының жеке жауапкершілігі мен ұжымдық әрекеті талап етіледі.

Өткен жылдың соңында құрал-жабдықтарға жасалған ауқымды жөндеу жұмыстарының арқасында өңірдегі кеніштер биылғы жылды жақсы көрсеткіштермен бастаған. Алдағы уақытта геологиялық барлау бағытына басымдық беріліп, осы мақсаттағы биылғы инвестиция көлемі толық мақұлданды.

Нақтырақ айтқанда тоқсан жылдан бері игеріліп келе жатқан Жезқазған кен орнындағы сарқылған қуатты қайта толықтырып, жаңа қорларды ашу үшін жетпіс сегіз мың қума метр аумақта жер үсті бұрғылау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек алдағы екі жылда Оңтүстік, Шығыс және Батыс кеніштеріндегі жер үсті инженерлік коммуникацияларын ауыстыру көзделген. Бұл өзгеріс жеті миллион тоннаға жуық кенді игеруге және геомеханикалық жағдайды тұрақтандыруға жол ашады. Сонымен қатар өндірістік қуатты дамыту мақсатында тау-кен техникалары паркін жаңартуға қаражат бөлініп, қырық жаңа көлік сатып алынбақ. Қолданыстағы стационарлық жабдықтарды жөндеумен қатар Жомарт, Жыланды және Нұрқазған кеніштерінде күрделі тау-кен жұмыстарын жүргізу бекітілді.

Кездесу соңында жұмыскерлер жерасты радиобайланысын жаңарту, рельстік көліктер мен бұрғылау жабдықтарын жөндеу мәселелерін алға тартты. Олардың кейбір ұсыныстары инвестициялық бағдарлама аясында шешімін тапса, қалған мәселелер арнайы техникалық аудит қорытындысынан кейін нақтыланатын болды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий