«Жүргізушінің ағасы полиция қызметкері»: Алматы ПД даулы мәлімдемеге қатысты үн қатты

17.07.2026 21:23 Қарақат АСЫЛОВА
«Жүргізушінің ағасы полиция қызметкері»: Алматы ПД даулы мәлімдемеге қатысты үн қатты
231
Фото-коллаж: Politico.kz

Алматыдағы жол апатына қатысты жарияланымнан кейін полиция ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматы қаласының тұрғыны Мария Цай әлеуметтік желіде жол-көлік оқиғасына қатысты жазба жариялап, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі оларды әдейі қаққанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, апаттан кейін жүргізуші көмек көрсетуге асықпаған, керісінше күліп тұрған. Зардап шеккендерді жедел жәрдем ауруханаға жеткізгенімен, кейін полициядан оқиғаға қатысты нақты ақпарат ала алмағандарын айтты. Сондай-ақ ол жүргізушінің ағасы полиция қызметкері болғандықтан, құқық қорғау органдары істі объективті қарамай жатыр деген күдігін жеткізді.

Желіде кеңінен тараған бұл жазбаға байланысты Алматы қаласының Полиция департаменті ресми түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Полицияның хабарлауынша, жол апатына қатысушылардан жауап алынған, оқиға орнынан қажетті материалдар жиналып, сараптамалар тағайындалған. Тергеу қорытындысы бойынша барлық қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Сонымен қатар Полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған жүргізушінің туысының полиция қызметкері екені туралы ақпаратқа қатысты да тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Егер қандай да бір қызметтік тәртіп бұзушылық немесе заңсыз әрекет анықталса, оған заң аясында тиісті шара қолданылатыны айтылды.

Полиция азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге және тергеу аяқталғанға дейін расталмаған ақпарат таратудан бас тартуға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий