Журналистің үстінен іс қозғалуы мүмкін: Асхат Ниязовқа қарсы тағы бір арыз түсті

Асхат Ниязовтың тақия туралы әзіліне қатысты екі бірдей арыз түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Белгілі журналист Асхат Ниязовтың стендап-шоу кезінде айтқан әзілі қоғамда үлкен наразылық тудырып, оған қатысты полицияға арыз түсті. Белсенді Диас Құзайыр журналисті ұлттық араздықты қоздырды деп айыптап, оны жауапқа тартуды талап етуде.
Дауға себеп болған әзіл Ниязовтың сахнада әзілкеш Руслан Тай туралы айтқан сөзінен туындаған. Бағдарлама барысында журналист «Русланның қазақылығы соншалық, ол мүшесіне де тақия киіп алған» деген әзіл айтқан еді. Көптеген көрермендер бұл сөздерді қазақтың ұлттық рәміздері мен салт-дәстүрлерін қорлау деп қабылдады.
Арыз иесі Диас Құзайыр танымал тұлғаның мұндай мәлімдемелері қазақ халқының құндылықтарын ашық түрде қорлайды деп есептейді. Ол журналистің әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы, яғни «Ұлт араздығын қоздыру» бабына жатқызып отыр.
«Тақия – қазақ халқының ар-намысының, қадір-қасиетінің және мәдени бірегейлігінің символы болып табылатын дәстүрлі қазақ бас киімі. Жоғарыда аталған сөз қазақ ұлтының ұлттық ар-намысын қорлауға бағытталған ашықтан-ашық кемсітушілік және дөрекі сипатта, бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының («Ұлттық араздықты қоздыру») ережелерін бұзады», - деп жазған Диас Құзайыр өз арызында.
Егер бұл іс бойынша айып тағылып, сот Ниязовты кінәлі деп таныса, оған ірі көлемде айыппұл салынуы немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Айта кету керек, бұл журналист Ниязовқа қатысты туындаған алғашқы дау емес. Осы оқиға қарсаңында, ЕҚЫҰ-ның ұлттық кеңесшісі Айбар Олжаев та Асхат Ниязовтың сөздерінде ұлт араздығын қоздыру элементтері бар-жоғын анықтау үшін Бас прокуратураға Қылмыстық Кодекстің 174-бабы бойынша сараптама жүргізуге өтініш түсіргенін мәлімдеген болатын.
«Бұл 100% іс қозғалады дегенді білдірмейді. Құзырлы орган қылмыстық құрам бар ма, жоқ па соны анықтайтын болады. Мүмкін бұл жәй әзіл шығар. Бірақ әзіл адамдарды жауластырмауы керек. Керісінше жақындастыру керек еді. Асекеңнің тілімен айтсақ, хороший юмор объединяет, а не хороший разъединяет», - деп жазды Айбар Олжаев.
Соңғы жаңалықтар





